Биыл Түркістан облысында 118 мың адам жұмыспен қамтылады

Түркістан облысында 41 мың адам жұмыссыздар тізімінде тұр, деп хабарлайды 24kz.

Яғни, еңбекке қабілетті 800 мың тұрғынның 4,9%-і жұмыс іздейді. Бұл – ресми есепке алынғандардың көрсеткіші. Жұмыссыз ретінде тіркелмегендер одан да көп болуы мүмкін. Жалпы жергілікті билік жұмыспен қамту үшін не істеп жатыр? Жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіпке баулу, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру жайы қалай?

Жандос Жұмабек, тілші:

- Мадина Өтеген Түркістандағы жоғары медицина колледжін мейірбике мамандығы бойынша бітірген. Оқуын аяқтаған соң мансап орталығына барып, жұмыссыз ретінде тіркеліпті. Ондағылар жас маманды «Жастар практикасымен» жергілікті клиникаға тәжірибеден өтуге жіберген.

Мадина Өтеген, медицина қызметкері:

- Осы жердегі мекеме ұжымы, басшылық менің жұмысымды ұнатып, осы мекемеде мені алып қалды. 7 айдан бері мен осы жерде жұмыс істеп жатырмын. Айлық табысым өзіме ұнайды. Осында жұмыс істегеніме өкінбеймін. Мансап орталығына, клинка ұжымына алғыс айтамын.

Биыл Түркістан облысында «Өңірлік жұмыс орындарын құру картасы» аясында 118 мың жұмыс орынын ашу көзделген. Оның 74 мыңы тұрақты болса, 44 мыңнан астамы уақытша жұмыс орындары. Мамандар жарты жылда 60 мың жұмыс орны ашылғанын айтады. Оның ішінде 25 мыңнан астамы тұрақты болса, 35 мыңы уақытша жұмыс орыны.

Динара Бегалықызы, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы:

- Бұдан бөлек, бізде кәсіпкерлікті қолдау аясында жұмыс орындарын ашу көзделген. 35 жасқа толмаған жастарға 5 млн теңге көлемінде несие беру, одан бөлек, 400 АЕК 1793 азаматқа жаңа бизнес идеяларын дамыту үшін грант беру көзделген.

Сонымен қатар жауаптылар өңірде инвестициялық жобаларды жүзеге асыру арқылы жаңа жұмыс орындарын құруға баса мән берілетінін айтады. «Биыл кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы басқармасы бірлесіп, жүзден аса жобаны іске асыруды көздеп отыр», - дейді мамандар. Соның нәтижесінде 4 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ. Айта кетейік, бүгінгі күні облыста 351 мыңнан астам азамат өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш