Елордада үздік құрылысшыларға құрмет көрсетілді

Биыл елімізде 18 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл туралы құрылысшылар күнін мерекелеуге арналған салтанатты шарада айтылды, деп хабарлайды 24kz.

Осылайша, елордада құрылысшыларға құрмет көрсетілді. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев сала ардагерлері мен мамандардың  жоғары кәсібилігін ерекше атап өтті. Сан жылдар бойы құрылысқа сүбелі үлес қосқан тұлғалар «Құрметті құрылысшы», «Ерен еңбегі үшін», «Құрметті сәулетші» төсбелгілерімен марапатталды. Айта кету керек, Егемендік алғаннан бері елімізде 228 миллион шаршы метрден астам жаңа тұрғын үй салынған.

Әсия Жиенбекова, «Құрметті құрылысшы» төсбелгісінің иегері:

- Біз кәріз саласындағы құбырларды салып, су жүйесін жүргіземіз. Шайынды су қалдықтарынан электр энергиясын, газ аламыз. Үлкен жобаларды іске асырып жатырмыз. Соңғы 5 жылда біз мемлекетке 3 млрд салық төлеппіз. Қазақстанның өсіп-өркендеуіне осылай үлес қосып отырмыз.

Өтебай Әжіқабылов, «Құрметті құрылысшы» төсбелгісінің иегері:

- Құрылыс болғасын әр мамандықтың ыстық-суығы болады. Үйрену керек. Менің тәжірибелі ұстаздарым болды. Қазір Қарағанды қаласында «жайлы мектеп» салып жатырмыз. Осы қыркүйекте аяқтау жоспарда бар.