Ақтөбеде тұрақтандыру қорына 1 млрд теңгеден аса қаржы бөлінді
Ақтөбеде тұрақтындыру қорын толтыруға баса мән беріліп жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Тауар жеткізуші компаниялардың өнім сапасы да бақылауға алынған. Картоп, сәбіз, қырыққабат және пияз жергілікті үш бірдей шаруашылықтан алынса, қалған көкөніс түрлері елдің өзге аймағынан жеткізіледі.
Берік Хамитов басқаратын шаруашылық картоп пен көкөніс түрлерін өсірумен айналысады. Биыл 200 гектар алқапқа дән сепкен. Қазір шығымы тәуір. Жиын-терім басталғанда алғашқы өнімін тұрақтандыру қорына тапсыратын болады. Себебі, екі ортада жасалған келісім бар.
Берік Хамитов, серіктестік басшысы:
- Басты міндетіміз – тұрақтандыру қорына картоп пен көкөніс түрлерін жеткізу. Біз 2585 тонна өнім тапсыруымыз тиіс. Біз одан да көп бере аламыз, бірақ жауапты ұйымдар суару жүйелеріне қатысты мәселені шешпей келеді. Сондықтан аз өнім алуға тура келеді.
Әкімдік пен өзге де бірқатар мекеме мамандары тұрақтандыру қорына өнім жеткізуге міндеттелген шаруашылықтарға жиі баруды қолға алған. Алқаптарын қарап, дақыл түрлерін көреді. Себебі, күз бен қыс мезгілінде жергілікті нарықта сатылатын тауардың сапасы жақсы болуы тиіс.
Снежанна Күлекенова, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
- Картоп және көкөністердің бағасын тұрақтандыруға 2024 жылдың күзгі егінінен жергілікті тауар өндірушілермен форвардтық келісім-шартқа отырдық. Атап айтқанда 4 400 тонна картоп, 835 тонна пиязға, мың тонна қырық қабат және мың тонна сәбізге.
Қор әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын қалыпты ұстауға септігін тигізеді. Нарықтағы өнім құны өссе, саудаға шығарылады. Сөйтіп, қайта тұрақтылықты қамтуға көмегі болады. Ал, бүгінде облыс қорында 599 тонна қант, 50 тонна күріш, 55 тонна күнбағыс майы, 26 тонна қарақұмық жармасы сақтаулы. Алдағы уақытта мұнда жергілікті шаруалардан өзге, еліміздің өзге аймақтарынан да өнім жеткізілетін болады.
Жамбыл Сәлиев, «Ақтөбе» ӘКК» АҚ департаментінің бас менеджері:
- Айналым схемасы арқылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерінің 9 түріне белгіленген бағамен сату бойынша 5 кәсіпкерлік субъектісіне 0,1%-пен 1 млрд 926 млн теңгеге несие ұсынылып, келісімшарттар жасалып отыр. Сиыр етін, I сортты ұн, тауық етін жеткізу бойынша келісімшарттар жасалды.
Қорда сақталған тауарлар коммуналдық базарлар мен дүкендер желісі арқылы сатылатын болады.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев