Ақтауда 100-ге жуық сарбазға кредиттік каникул берілді
Ақтауда теңіз жаяу әскерлері бригадасының 100-ге жуық сарбазы кредиттік каникул алды, деп хабарлайды 24kz.
Арнайы келісімшарт аясында жауынгер банк алдындағы берешегін 13 айға дейін шегере алады. Яғни, Отан алдындағы борышын өтеп болған соң бір айдан кейін несиесін төлеуді жалғастырады. Гвардияның қатардағы жауынгері Ұлан Манарбеков мұндай мүмкіндік берілгеніне қуанышты. Ол әскерге шақыртылғанға дейін банктен 200 мың теңге несие алған.
Ұлан Манарбеков ГВАРДИЯНЫҢ қатардағы жауынгерІ
- Осыдан 6 ай бұрын алғам. Бір жылға және жаңағы бір ай қосылып, өзім жұмыс істеп жалақымды алғанша сондай мерзімге кредит тоқталады екен. Қазір өзім еш уайымсыз әскери қызметімді орындап жатырмыз.
Сүндет Төле №25744 әскери бөлімі артиллериялық дивизион командирінің орынбасары:
- Әскери бөлімде қызмет етіп жатыр деген анықтама және сарбаздың жеке куәлігін алып, банкке барамыз. Банктер сол құжаттарды қарастырып, бізге жауабын береді. Жауабын бергеннен кейін 13 ай мерзімге сарбаздар кредиттерін тоқтатып, еш алаңсыз қызмет ете алады.