Жуалы ауданының әкімдігі шаруаның жерін заңсыз сатылымға шығарған
Жамбыл облысы Жуалы ауданының тұрғыны алты гектарға жуық жерінен айырылып қалды.
Бұл туралы Мәжіліс депутаты, «Жер аманаты» комиссиясы төрағасының орынбасары Бақытжан Базарбек мәлімдеді. Тұрғынның сөзінше, аталған учаскеге қатысты барлық мәлімет мемлекеттік мекемелердің базасынан түсініксіз жағдайда жойылып кеткен. Есесіне аудан әкімдігі осы жерді конкурсқа шығарып, учаске ықпалды азаматтардың иелігіне өтіпті. Бақытжан Базарбектің айтуынша, аталған факті расталса, бұл әрекет сыбайлас жемқорлық қылмысы ретінде назарға алынады. Сонымен қатар осы оқиға алдағы уақытта Парламент Мәжілісінің отырыстарында да көтеріледі.
Бақытжан Базарбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Жақын арада тиісті тексерісті ашамыз. Тексеріс барысында біз жер кадастры филиалының іс-әрекетін арнайы бағалаймыз. Сонымен қатар жер қатынастары бөлімінің іс-әрекетін, оның тиісті лауазымды тұлғаларының іс-әрекетін тиісті құқықтық бағасын береміз. Сонымен қатар бұл материалдарды арнайы прокуратура органдарына беретін боламыз. Барлық заң бұзушылыққа септігін тигізген тұлғалар қатаң қылмыстық жауапкершілікке тартылуға тиіс.