Биыл Көлсай көлдеріне 233 мың турист келді

Алматы облысындағы тұмса табиғатымен туристерді баурап алатын киелі мекеннің бірі – «Көлсай көлдері» мен «Шарын» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі.

Көлсайға келушілердің тең жартысы Шарынға соқпай кетпейді. Райымбек ауданындағы Шоғансай мен Хан Тәңірі шыңын көргісі келетіндер қатары да қалың.

Көлсайдай көрікті мекенге келушілер қатары жыл сайын артып келеді. «Мұнда жұмыс күндері 1,5-2 мыңдай адам келсе, демалыс күндері 4-5 мыңдай адам ат басын тірейді», – дейді мамандар. Мәселен, өткен жылы «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне 243 мың адам келген. Ал биылғы жылдың 7 айында 233 мың турист келіп кеткен.

«Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында 7 маршрут бар. Туристердің көп шоғырланатын жері – Төменгі Көлсай көлі мен «Саты ауылы – Қайыңды көлі» және «Саты ауылы – Саты сайы» бағыттары. Мұнда отандық және шетелдік саяхатшыларды көптеп тарту мақсатында бірқатар жұмыс атқарылып жатыр.

Руслан Иманбаев «Көлсай көлдері» МҰТП туризм бөлімінің басшысы:

- Туризм басқармасының қолдауымен осы Төменгі Көлсай көліне былтырғы жылы 700 метрлік жол 120 млн теңгеге жасалған. Енді биылғы жылға 220 млн теңге ақша бөлінген. Бірақ 184 млн теңге ақша қаражатына тендерден ұтып алынды. Енді сол бойынша қазір Қайыңды көліне 400 метр жол жасалып жатыр, жаяу жүргіншілерге арналған соқпақ. Ал енді Төменгі Көлсай бойынша сол былтыр жасалған жолды 1,5 шақырымға дейін ұзарту жоспарланып отыр.

Құрманғазы Жөкенов, демалушы:

- Көлсай деген бұл енді тарихи жер ғой. Көлсайды көрген де арманда, көрмеген де арманда. Қазір Көлсайды көріп, тамашалап шықтық. Енді, құдай қаласа, мынау Бартоғай деген жер бар екен, соған алып барамыз дейді. Кеше мынау Орта Меркіге барып, сол жақта демалдық. Ол да бір керемет жер екен. Шыршаның ортасы, таудың ортасы.

Туристер есебінен биыл «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне 138 млн теңге түсті. Соның 73 млн теңгесі тазалыққа бағытталған іс-шаралар мен жұмысшылардың жалақысына жұмсалған. Мемлекет басшысы өткен айда қол қойған «Айрықша қорғауға алынған табиғи аймақтар» туралы Заңға сәйкес ұлттық табиғи парктер мемлекеттік алым-салықтардан босатылды. Ол өз кезегінде еліміздегі демалыс орындарының инфрақұрылымын жақсартып, онда туристерді көптеп тартуға оң ықпал етеді.

Руслан Иманбаев, «Көлсай көлдері» МҰТП туризм бөлімінің басшысы:

- Иә, бізде биылғы жылғы 26 шілде айына дейін 0,1 АЕК республикалық бюджетке алынып отырған. Осы 26 шілдеден бастап бізге бұйрық келді 0,1 АЕК-ті алып тастау бойынша. Жеңіл автокөлікке, одан кейін 16 адамға дейінгі автокөліктерге, одан кейін 16 адамнан жоғары және 32 адамға дейін деген тарифтер бойынша қазіргі таңда сома жасалып жатыр. Соған сәйкес төлем алынады.

Алматы облысының Райымбек ауданында да жаңа туристік нысандар ашылып жатыр. Демалушылар қасиетті Нарынқол өңіріне Хан Тәңірі шыңын тамашалап, әсем табиғат аясында тынығып қайту үшін барады.

Саян Қалиев, турист:

- Демалыс орнына келіп, кешелі бері, міне, саумалын ішіп, қымызын ішіп, сондай жақсы қабылдап жатыр. Өте керемет. Күтушілерге де рақмет, сондай кішіпейіл. Тамақтары да жақсы. Тауға шығып кеше, табиғаттың аясында суретке түсіп, біраз аралап қайттым. Алматының анау шуынан мына жерге келіп, өте бір керемет жағдайда демалып жатырмыз.

Нұрхан Маралбек, демалыс орнының мейман күтушісі:

- 3 апта бұрын ашылды. Сонымен бұл жерге келушілердің де саны көп. Саумал ішіп, қымыз ішіп, мына жерде демалып жатыр. Денсаулыққа, мына қанның айналымына пайдасы өте көп қой. 

Райымбек ауданы бойынша қазір 50 шақты туристік нысан жұмыс істеп тұр. Басым бөлігі бие байлап, халыққа саумал терапиясы қызметін көрсетумен айналысады. Биылғы жазда ауданға 30 мыңға жуық турист келіп кеткен.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов.