Шымкентте кәріз жүйесі жұртты әбігерге салды
Шымкенттің билігі кәріз жүйесін тартамыз деп жұртты әуреге салды, деп хабарлайды 24KZ.
Ұлағат шағынауданының тұрғындары: «Көшеде жүруден қалдық», – деп отыр. Бұған дейін төселген тасжолды бірнеше рет қазып тастаған мердігер ауқымды жобаны аяқсыз қалдырып кеткен.
Биыл Роза Сүйеубекованың Ұлағат шағынауданына қоныстанғанына 15 жыл болды. Содан бері көршілерімен көшеге шағал тас төсеп, орталықпен қатынасты реттеген. Алайда инфрақұрылымдық жүйелер үшін жолды бірнеше рет қазуға тура келген. «Салдарынан күн ашықта ақ шаң, жаңбыр жауса, батпақ-көлге айналатын болды», – дейді.
Балбұлақ көшесіндегі бүтін асфальт та бүлінді. Тұрғындардың шағымынан соң оның орнына тас төселіп, көшенің деңгейі көтеріліп кеткен. Енді такси жүргізушілері қызмет көрсетуден бас тартып, медициналық жедел жәрдем көліктері де кешеуілдеп жететінін айтады.
Біз шағын аудандағы орталық көшенің біріндеміз. Басты көшенің жаңа салынған асфальты жылға жетпей тозып, көлік қозғалысын қиындатқан. Жолдың ойық-шұңқыры көбейген соң ескерту белгісі ретінде әр тұсқа мынадай баллон қойылған.
Марат Сүлеймен, қала тұрғыны:
- Жедел жәрдем шақырсаң, көшелеріміз тар. Жолдың сиқы мынау, батып қалып, кіре алмай жатады. Көшелеріміз былай қырға қарай кеткен ғой, қыстыгүні ГАЗельдер мүлдем жүре алмайды. Қалада тұрамыз дегеніміз болмаса, ешқандай цивилизация көрініп тұрған жоқ.
Ұлағат шағынауданына кәріз жүйесін тарту 2021 жылы басталды. Жобаға жергілікті қазынадан 1 млрд 425 млн теңге бөлініп, 2022 жылы құрылысы аяқталды. Алайда оны іске қосу кезінде біршама кемшілік анықталған. Енді тапсырыс беруші мекеме атынан Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне хат жолданды.
Ералхан Ешанқұл, қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы бөлімінің бас маманы:
- Экономикалық тергеу департаментіне тиісті хаттарды жолдадық. Тиісті құжаттарды өткіздік. Келесі әрекет осы департаменттің жауабына байланысты. Мердігер мекемені қайта қалпына келтіру жұмыстарын толығымен жүргізуге міндеттейді немесе деп таниды.
Қала билігінің мәлімдеуінше, мердігерлер барлық ақауды өз есебінен қайта қалпына келтіруге әзір. Бірақ енді тергеу қорытындысын күтуге тура келеді. Сондықтан көшелерді жарықтандыру мен жаңадан асфальт төсеу осы шешімнен кейін білгілі болады.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов.