Астанада Тәжікстанның ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі басталды
Қарбыз, өрік, табиғи бал, жаңғақ және кепкен жеміс. Бүгін Астанада Тәжікстанның ауыл шаруашылығы, халық қолөнері және ұлттық тағамдары өнімдерінің жәрмеңкесі басталды.
Мұнда Соғды облысының шаруалары мен қолөнер шеберлері жұртшылыққа өз өнімдерін ұсынып отыр. Сөрелерге былғарыдан, керамикадан, ағаштан жасалған ұлттық қолөнер бұйымдары қойылған. Жеміс-жидектің түр-түрі де елордалықтарға арзан бағамен сатылып жатыр. Тәжік аспаздары палау басып, көпшілікке тәтті-дәмділерінен дәм татқызды. Тәжікстанның ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі Астанада тамыздың 10-ы мен 11-і күндері аралығында «Барыс-Арена» спорт кешеніне іргелес аумақта өтеді.
Зариф Мирдадо, Соғды облысы төрағасының ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары:
- Біз бұл жәрмеңкеге 1 мың тоннаға жуық тауарды әкелдік. Мұнда Соғды облысындағы барлық 18 ауданның шаруалары келді. Өткен жылғы жәрмеңкеміз Астана тұрғындарына өте ұнаған. Соны ескеріп, биыл өнім түрлерін көптеп әкелдік. Оның үстіне өнерпаздарымыз да жұртшылыққа концерт қойып жатыр. Жергілікті халықтың көңіл күйі үшін барымызды салып жатырмыз. Енді біз қазақстандық шаруалардың да жәрмеңкесін өз елімізде көргіміз келеді.
Ырза Тұрсынзада, Халықаралық қолөнершілер академиясының президенті:
- Мен қолөнермен айналысқаннан кейін қолөнершілердің туындыларын көрдім. Расында да, мәдениеті өте терең, бай, сондай бір алуан түрлі екеніне көзіміз жетіп отыр. Үлкен алғысымды айтамын.