Үржар ауданында 8 емдеу мекемесі салынып жатыр

Абай облысы Үржар ауданында «Ауылдың денсаулық сақтау саласын жаңғырту» жобасымен 8 емдеу мекемесі салынып жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Сонымен қатар аудандық ауруханаға заманауи жабдықтар сатып алынды. Енді жұрт қалаға қатынамай-ақ жергілікті жерде толық тексеруден өте алады.

Рүстем Қайратұлы, тілші:

- Дәрігерлік амбулаторияның бірі Үржар ауылында салынып жатыр. Ауылдағы медициналық мекеменің ұжымы қазір ғимарат жалдап отыр. Көп ұзамай дәрігерлер тұрғындарды жаңа нысанда қабылдайды. Заманауи амбулатория 8 мың адамға қызмет көрсетеді.

Серікқали Еңсебаев, Үржар аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

- «Саят» деген амбулатория бізде жалдамалы ғимаратта отыр. Айына 6 млн теңге ақша төлейміз. Өздерінің ғимараттары жоқ. Содан кейін міне, бастығымыздың бастауымен аудан, облыс әкімдерінің қолдауымен жаңа амбулатория салынып жатыр. Біздің халқымызға елімізге үлкен пайдасын келтіреді деп есептейміз.

Қазір құрылыс алаңында жұмыс қызу жүріп жатыр. Ауданда салынып жатқан 8 нысанның бесеуі медициналық пункт болса, екеуі амбулатория және бір фельдшерлік-акушерлік пункт. Мердігер ұйым құрылысты биыл күзде аяқтаймыз деп отыр.

Саниязбек Жанабаев, мердігер мекеме өкілі:

- Қазіргі тұрған нысанамыз негізі келесі жылға бекітілген. Бірақ біз қарқынды жұмыс істеп осы жылы тапсырып тастайық деп тырысып жатырмыз. Қалған обьектілеріміз де өте үлкен қарқында. Барлық жерде осындай төбе жұмыстары істеліп жатыр. Барлық жерде жұмысшыларымыз жеткілікті.

Үржар аудандық ауруханасы 42 мың адамға қызмет көрсетеді. Бұған дейін жергілікті жұрт ультрадыбыстық зерттеуден өту үшін Семей қаласына баратын. Бұл әсіресе, жүкті әйелдер үшін ыңғайсыз болды. Қазір ауруханаға құны 1 млрд болатын 4 аппарат қойылды. Енді тұрғындар қажетті тексерулерден қиындықсыз өте алады.

Айнұр Сандыбаева, дәрігер:

- Бұрынғы жағдайда узи апараттары келмей жатқан кезде біз барлық жүкті әйелдерді Семей қаласына үш скринингке жіберетінбіз. Экспресс класс апараттары келгелі барлық тексерулер осы өзімізде Үржар ауданында жасалады. Бір апаратымыз приемный покойда тұр. Егер шұғыл жағдаймен келсе жүкті әйелді үстіге көтермейді. Сол жерде узист дәрігер патологиясын анықтайды.

Аудандық аурухана ғимаратына кардиологиялық-инсульттік бөлімше салу жоспарланған. Қазір жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Дәрігерлердің сөзінше, емдеу мекемелерінің бой көтеруі алғашқы медициналық-санитарлық көмектің сапасын арттырады. Нысандар барлық қызмет түрімен қамтылады.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Берік Жобалайұлы