Райымбек ауданында 16 әлеуметтік нысан салынып жатыр

Елде тамыз айының екінші жексенбісі – Құрылысшылар күні. Адамзат өркениетінің бастауында тұрған мамандық иелерінің еңбегімен ауыл мен қала гүлденіп, дамып келеді. Мысалы, Алматы облысының Райымбек ауданында 16 әлеуметтік нысанның құрылысы жүріп жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Кәсіби мерекеге орай құрылысшылармен жүздесіп қайтқан тілшіміз Ардақ Айбарұлы әңгімелейді.

Ардақ Айбарұлы, тілші:

- Ерік Қаниев 2006 жылдан бері құрылыс саласында еңбек етіп келеді. Ол осы уақыт ішінде көптеген әлеуметтік нысандарды салып, халық игілігіне беруге атсалысты. Екі жыл бұрын әріптестерімен бірге Нарынқол ауылындағы 250 орындық аудандық емхана ғимаратын салуға кірісті. «Кестеден кешігу жоқ. Құрылыс нысанын уақытылы тапсырамыз. Сол үшін тынбай еңбек етіп жатырмыз», - дейді ол.

Ерік Қаниев, учаске басшысы:

- Қазір ішкі әрлеу, кафельдеу жұмыстары жүріп жатыр және сыртында фасадтың жұмысы. Далада абаттандыру жұмыстары. Материалдың бәрін әкеліп қойдық, материалдар жетеді. Қараша, желтоқсан тапсырамыз ғой Тәуелсіздік күніне.

Ерлан Көккөзов, Нарынқол ауылының тұрғыны:

- Біздерде мына өрт сөндіру бөлімшесі салынып жатыр. Ол да іске қосылды. Өткен жылы Нарынқол ауылында 20 үй басталған. Ол да берілуге таяу тұр. Басы беріліп жатыр. Нарынқол өркендеп жатыр, тәубә, аудан келгелі. Алдағы жұмыс жоспарда мына Райымбек ауданына, Нарынқол ауылында таможня ашылады деген құжаттар дайындалып жатыр.

Райымбек ауданының құрылғанына биыл 6 жыл болды. Кезінде халқы ауылдағы үйлерін тастап, қалаға үдере көшкен Нарынқол өңірі бұл күнде қайта түрленіп, түлегендей. Нарынқолда «Жастар» орталығы бой көтерсе, Жамбыл ауылында жаңа мәдениет үйі салына бастады. Қарасазда «Өнер» мектебінің, ал Сарыбастау ауылында 70 адамдық спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Құрылыс жұмыстарына барлығы 400-ден астам адам тартылған. Соның 30%-і жергілікті тұрғындар.

Ғалым Жусанбаев, аудан әкімінің орынбасары:

- Аудан аумағында жүріп жатқан құрылыс жұмыстарының барлығы дерлік осы құрылыс кестесіне сәйкес. Ауытқулар жоқ. Жұмыстары жоғары деңгейде жүргізіліп жатыр деп айтсақ болады. Енді қазіргі таңда алдыға қойып отырған меже осы құрылыс жұмыстарын сапалы, өз уақытында ел игілігіне тапсырсақ деген ниеттеміз. Елімізде құрылыс саласында жүрген барлық азаматтарды мерекелерімен шын жүректен құттықтағымыз келеді.

Алматы облысының орталығы Қонаевта бүгін өңірдегі құрылысшыларды марапаттауға арналған салтанатты іс-шара өтті. Онда облысты түлетуге атсалысқан азаматтарға салалық наградалар мен құрмет грамотасы табыс етілді.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов