Маңғыстау облысында иесіз жануарларға арналған панажай жетіспейді

Биыл Маңғыстауда 600-дей адамды бұралқы ит қапты, деп хабарлайды 24kz.

Зардап шеккендер арасында балалар да бар. Көп жағдайда иелері итті ветеринариялық пунктте тіркеуден бас тартып, көшеге тастап жатады. Өңірде қараусыз ит-мысықты қарайтын мекеме жоқ. Сондықтан кәсіпкерлер әкімдік бөлген жерге панажай салып жатыр.

Ақтауда жыл басынан бері 273 адам итке таланып, дәрігердің көмегіне жүгінді. Барлығына жедел медициналық көмек көрсетіліп, құтыруға қарсы екпе салынған. Ал бір адамның аяғына операция жасауға тура келген.

Рамазан Орынбасар, травматолог:

- Жағдайы орташа ауыр болды. Далада қапқан. Танымайтын ит. Сан сүйегін тістеген. Травматологияға жедел түрде жатқызылды. Жағдайынан бір апта ішінде айығып, сегізінші күні үйіне жіберілді.

Маңғыстау облысында бойынша барлығы 2612 ит тіркелген. Есепке алынбай иесіз көше кезіп жүргендер де бар. Оларға жаны ашыған волонтерлер бұралқы ит-мысықты қамқорлығына алып, қорасында асырайды. Солардың бірі – Атамекен ауылының тұрғыны. Ауласында 30 ит ұстап отыр. Оның бұл әрекеті жануарларға жасалған қайырымдылық болғанымен, көршілеріне қолайсыз әрі қауіпті. Жағымсыз иіс, иттің күндіз-түні үріп-ұлуы көршілерді әбден мезі қылған.

Сындар Аразбекова, Атамекен ауылының тұрғыны:

- Біреуі үрсе, жан-жақтан бәрі үреді. Мына жаққа түнде мына жермен өтейік десек, өте алмаймыз. Үлкен ақ ит жатыр. Ақыры таспен қуып шығып, былай өттік дүкенге.

Бұралқы иттерді бір аулаға жинап асырауға жергілікті волонтерлер ұйтқы болған. Кезекпен келіп тамақтандырады, астын тазалайды. Ерікті Оксана Козлованың айтуынша, бұл жер уақытша пана.

Оксана Козлова, волонтёр:

- Қайырымды азаматтар ақша жинап, ауыл шетінен жер алып берді. Оған панажай тұрғызуға әзірге қаржымыз жетпейді. Ғимарат салынған соң иттерді соған көшіреміз.

Ерлан Қайнаров, Атамекен ауылдық округінің әкімі:

- Түскен шағымға байланысты біз жергілікті әкімшілік арнайы жұмыс тобын құрдық. Арнайы мамандарды шақыртып, осы мәселе бойынша түбегейлі айналысатын боламыз.

Үй жануарларын тіркеуге жауапты Ауыл шаруашылығы басқармасының басшылығы бұл жағдайды біледі. Олардың айтуынша, ауладағы иттің жартысы тіркеуде жоқ. Яғни, түрлі ауруларға қарсы тексерілмеген де егілмеген де.

Бердібек Марқабаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Бізде тіркеуде тұрған 18 ит бар екен. Келіп өтініш берсе, сол аудандық аумақтағы ветеринарларға, сол кезде ол иттердің барлығы тіркеледі. Және сонымен бірге құтыруға қарсы егіліп, тексеру жұмыстары жүргізіледі.

Жібек Ахметова, заңгер:

- Қанша ит-мысық бағамын десе де шектеу жоқ болғанымен, бірақ жауапкершілігін арттыру қажеттілігі болып тұр. Осы питомник ұстап отырған азаматтардың заңға сәйкес, адамгершілікке сәйкес жауапкершілігі аса маңызды назарда болуы керек.

Қоғам белсендісі Жібек Ахметованың айтуынша, қаңғыбас ит-мысық бағылатын орындар әкімдік пен полицияның назарында болуы қажет. Былтыр жергілікті билік бұралқы ит ұсталатын панажай салу үшін 5 гектар жер бөлген. Оның бір гектарын ақтаулық кәсіпкер жалға алып, керек-жарағымен жабдықтады. Қазір сол жерде 300-дей ит ұстайды.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев