Қазақстанға АЭС не үшін керек?
Ел қазірдің өзінде климаттық өзгеріс салдарын сезініп жатыр. «Бұл болашақта энергия тапшылығын тудыруы мүмкін», - дейді ғарышты зерттеу және жеделдету технологиялары орталығының директоры, профессор Билге Демиркез.
Оның айтуынша, мұндай жағдайдан шығуға Атом электр станциясы көмектесе алады. Отандық мамандар да бұл ойға толықтай келісіп отыр.
Бүгінде әлемнің 32 елінде 441 ядролық реактр бар. Олардың ең көбі АҚШ, Франция, Қытай, Жапония сынды мемлекеттерде шоғырланған. Атом электр станцияларында өндірілетін электр энергетикасы күллі әлемдегі электр қуатының шамамен 10%-ін құрайды. Қазақстан да ең көп электр энергиясын тұтынатын елдер қатарында тұр.
Бильге Демиркёз, Ғарышты зерттеу және жеделдету технологиялары орталығының директоры:
- Қазақстанда электр қуатының жетіспеушілігі болуы мүмкін деген алаңдаушылық бар. Менің ойымша, тәуекелдерді азайту үшін Қазақстанға төмен көміртекті энергия өндіретін атом электр станциясы қажет. Егер елге көбірек инвестиция тарту керек болса, тұрақты энергия көзі бар екенін көрсету қажет. Бұл шетелдік инвесторларды тартудың өте маңызды аспектісі.
Жылдан жылға халық саны көбейген сайын электр энергиясын тұтыну да артпақ. Қазақстан қазір электр қуатын алып отырған 224 жылу, электр, су станцияларының, өкінішке қарай, 60%-і тозып тұр. «Ал атом электр станциясы 60-80 жылға дейінгі уақыт бойы үздіксіз энергиямен қамтамасыз етеді», - дейді мамандар.
Асуан Сиябеков, «Қазақстандық атом электр станциялары» жшс жетекші инженері:
- Біз басқа генерация көздеріне, өкінішке орай, сене алмаймыз. Өйткені бізде ағынды сулардың аздығы, күн мен жел тағы да тұрақты емес. Күн ауысады, желдің соғуы бар, соқпауы бар. Сол себептен де үздіксіз генерация көзі керек. Оның бір шешімі тек АЭС құрылысы.
Сондықтан жобаны жақтаушылар «жұрт таңдау жасамас бұрын осындай маңызды жайттарды ескерсе», дейді.
Бекберген Керей, Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы орталық аппаратының басшысы:
- Экологиялық тұрғыдан қарайтын болсақ, әрине, бұл енді әлем мойындаған осы атом саласындағы үлкен жетістік деп айтуға болады. Енді халықтың үрейі жаңағы мына Семей ядролық полигонымен сәйкестендіреді, сосын Фукусимодағы болған жағдайды айтады. Чернобыльдағы жағдайды айтады. Жалпыхалықтық референдумда халық өзінің қалауын жасайды. Халық қазір көзі ашық, АЭС керегін біледі. Бұл біздің энергия тапшылықты жою мақсатында.
«АЭС салуға қатысты халық қорқынышын да түсінуге болады», - дейді мамандар. Алайда бізде салынуы мүмкін нысан соңғы үлгіде. Және оның технологиялық мінездемесіне мән берсек, қондырғы құнының тең жартысы қауіпсіздікке жұмсалады екен.
Авторы: Мөлдір Молдағали