Құрылыс нарығында жаңа мамандықтарға сұраныс артты
Мәселен алдағы 4 жылда «ақылды үйлердің» тілін білетін кәсіп иелерін оқытуға ден қойылады, деп хабарлайды 24kz.
Әсіресе, жобалаушылардың біліктілігі маңызды. Бұл салада отандық оқу орындарының әлеуеті қандай?
Мерей Мұратханқызы, тілші:
- Асқар Біләлов – 20 жылдық тәжірибесі бар дәнекерлеуші. Оның қызметіне жүгінетіндер көп. Алайда, кейде үлгермей қиналады. Ал көмекші іздеуге кәдімгідей уақыт керек. Себебі салаға қызығатын мамандар жоқтың қасы.
Асқар Біләлов, дәнекерлеуші:
- Жалақы аз, сол себепті өзім үйреткен адамдар да тез кетіп қалады. Менің де құрылыс ұйымдарына барғым келмейді. Онда ай сайын 400-450 мың теңге төленеді. Бұл маған тиімсіз. Қазір өзім жұмыс істеп, одан 5 есе көп ақша тауып жүрмін. Бастысы, тәжірибе жинау керек. Дәнекерлеу де зергерлер сияқты мұқияттылықты, зерттеуді талап етеді. Ал қазіргі жастар оны түсінбейді. Жеңіл жұмыспен тез әрі көп ақша тапқысы келеді.
Елде құрылыс саласы кең құлаш жайып жатыр. Алайда, сан емес, сапа маңызды. Қазір көпшілік «ақылды» үйлерде тұрғысы келеді. Демек, құрылысшылардың да заман талабына бейімделуі қажет. Елдегі колледждер де шәкірттерін осы бағытта оқытып жатыр. Бұл ғимарат дизайнерлері, интеллектуалды жүйені орнатушылар сынды мамандар. Өкінішке қарай, құрылыс нарығында қарапайым жұмысшылар да жетіспейді.
Әсет Мұханбетов, ҚР ОАМ Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры:
- Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрілігінің ақпаратына сүйенетін болса, 24-30 жылдар аралығында ең көп бізге керек мамандықтар, сварщиктар, бригадирлер керек. Қазір әр өңірде құрылыс саласы қарқынды дамуда. Әртүрлі тұрғын үй кешендері, оған қоса инфраструктуралар салынып жатыр. Осы орайда министрлік тарапынан мемлекеттік тапсырыс бөлінген кезде аймақтың нарықтағы қажеттілігін ескере отырып, мемлекеттің тапсырысты орналастыру керек.
Құрылыс саласындағы гранттың дені мегаполистерге және оңтүстік, орталық өңірлерге бөлінген. Ал электронды биржа дерегіне сүйенсек, бос жұмыс орындарының басым бөлігі Қостанай, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстары мен Астанада жарияланған.
Әйгерім Мырзалы, Еңбек ресурстарын дамыту орталығының басқарма басшысы:
- Бүгінгі таңда Enbek.kz порталында осы салада 3000-ға жуық бос жұмыс орындары бар. Оның ішінде сұранысқа ие мамандықтар жол құрылысшылары, плотник, моляр, каменщик, бетонщик, инженер-құрылысшылар. Жұмыс іздеушілер тарапынан талдау жасайтын болсақ, көбінесе монтажник, құрылыс саласындағы инженер, моляр штукатур, газорельщик, т.б. жұмыс іздейтіні байқалады.
Әрине, бұл статистика елдегі сұраныс пен ұсыныстың айқын көрінісі емес. Құрылысшылар қауымдастығының президенті Виктор Микрюков «тапшы мамандардың саны айтарлықтай», дейді.
Виктор Микрюков, Қазақстан құрылысшылар қауымдастығының президенті:
- Қазір сумен жабдықтау және кәріз мамандары, электр энергетикасы және жылу энергетикасы мамандары, тіпті көлік құрылысы саласындағы мамандар жетіспейді. Нақты осы салаларда тапшылық қатты сезіледі. Сол себепті бірыңғай түлектер базасын жасауды ұсынамын. Олардың әлеуетін, талабын ескере отырып, мамандар жасақтау маңызды.
Қазір елімізде 189 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы құрылыс мамандарын дайындап жатыр. Құзырлы министрлік жылына 5 мың студент түлейтінін, оның 91%-і жұмыспен қамтылғанын жеткізді. Сенгіміз-ақ келеді. Алайда бұл мамандардың көбі жалақысы жоғарырақ салаларға кетіп жататын көрінеді.
Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Мерей Талап, Ғалымжан Абдылахат