БҚО-да шабақтарды құтқару операциясы сәтті өтті

Батыс Қазақстанда көктемде өзендердің тасуынан шығып қалған шабақтар қырылып жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Табиғат қорғау ұйымдары, тұрғындардан түскен қоңыраудан кейін іске кірісті. Қазір балығы көп су көздері анықталып жатыр.

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- Бозай ауылындағы осы шалшық суда балық барына сену қиын. Ал шындығында су астында тіршілік қайнап жатыр. Көктемде осы алапты тегіс су алған. Тартылғанына бір ай өткен. Қалған балық осындай қара суларда жансауғалап жатыр. Шалшықтағы шабақтарды жергілікті тұрғындар бірінші боп байқаған.

Демесін Жанияров, Бозай ауылының тұрғыны:

- Шұңқырлардың бәрі толып тұр ғой.Қырылып қалды ғой, өліп қалды ана жерлерде бар. Осылар қалғаны. Өмірде болмаған су мынау. Бұрын көлде болады ғой, кетеді, мына көл қалады. Енді мынау тіпті үйге дейін бәрі барды ғой. Үй суға кетті, жаңа салған үй.

Демесіннің дабылымен жиналған балық инспекторлары мен атқарушы билік өкілдері санаулы сағатта шалшық суды сүзіп шықты. Жүз мыңдаған шабақ ауланды.

Бейімбет Нығметов, Шалқар көліндегі балық шаруашылығының қорықшысы:

- Мұндағы балықтың түрі негізгі 70-80% мөңке, қызылқанат, линь-қарабалық қазақша сондай балықтар. Бұл су деген кешегі су тасқыны болмады ма, бұл деген Барбастау өзенінің балығы деп айтуға болады.

Балық инспекциясының қызметкерлері осындай қарасуларда қалған балықтарды көрген тұрғындардың дереу хабарласуын сұрайды. Себебі әр күн қымбат. Күн ыстықта таяз суда оттегі тез азаяды.

Манарбек Өтешқалиев, БҚО балық инспекциясының бас маманы:

- Кеше Жайықтың жағасындағы Көнеккеткен ауылына барып 7 млн шабақты құтқардық. Ішінде мөңкесі бар, сазаны бар. Балықтар Ащы көліне жіберілді. Енді Теректі ауданы Ақсоғым ауылына келіп, аумен, тормен шабақтарды сүзіп, бөшкеге салып жатырмыз.

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- Бозай ауылының маңындағы шұңқырлардан жиналған шабақтар міне, қазір Шалқар көліне әкеліп жіберіліп жатыр. Бірақ онымен биылғы, биылғы емес-ау, бүгінгі балық құтқару операциясы аяқталмайды. Өйткені өңірде Жайық, Деркөл, Барбастау, Өлеңті, Қалдығайты секілді ірілі-ұсақты өзендердің тасуынан қалған жүздеген қарасуларда миллиондаған балық бар. Ол балықтарды құтқаруға бір ғана балық инспекциясының немесе әкімдіктің әлі келмесі анық. Сондықтан бұл істе жергілікті жұртшылықтың, табиғат жанашырларының көмегі ауадай қажет.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Б.Жарылғасов, Е.Меңдіғалиев