Астанада «Жүрегімнің жеңімпазы» жүгіру фестивалі өтті
Қазақстанда 140-тан астам адам жүрек трансплантациясын күтіп жүр, деп хабарлайды 24kz.
Елдің назарын осы өзекті мәселеге аудару мақсатында Астанада жүгіру фестивалі өтті.
Қайырымдылық шарасына үш мыңнан астам адам қатысты.
«Жүрегімнің жеңімпазы» фестивалі 12 жыл бойы өтіп келеді. Жаппай жүгіру елге трансплантология мен ағза алмастырудың маңыздылығын түсіндіру мақсатында ұйымдастырылады. Қайырымдылық шараға қатысушылар қарасы қалың. Олардың арасында Қанат Әбдірахманов та бар. 54 жастағы азамат 8 жыл бұрын жүрегін ауыстырған.
Қанат Әбдірахманов, қала тұрғыны:
- 2016 жылы жүрегіме трансплантация жасалды. Оны 5 жыл күтуге мәжбүр болдым. Себебі донор мәселесі біздің елде дамымаған. Ал шетелге баруға қомақты қаражат кетеді. Жалпы мұндай қайырымдылық шараның маңызы зор. Бүгін жүгіру фестиваліне қатысып, өз донорын күтіп жүрген азаматтарға қолдау білдіруге арнайы келіп отырмын.
Қазір елде 4099 адам трансплантациялау кезегінде тұр. Оның 140-тан астамы жүрек донорын күтіп жүр.
Бекболат Шерниязов, қала тұрғыны:
- Осы жүгіргенімді отбасыма және келіншегіме арнаймын. Өйткені ол маған екінші өмір сыйлады, бір бүйрегін берді. Осы арқылы мен туыстық емес, мәйіттік донорлықтың көбейгенін қалаймын. Туыстық болады, бірақ оны көбейтудің қажеті жоқ. Өйткені жарты Қазақстан мүгедек болып қалуы мүмкін.
Қазақстанда жүрек трансплантациясы алғаш 2012 жылы жасалған. Сол жылдан бері 100-ге жуық азамат жаңа өмірге мүмкіндік алды. «Бірақ 12 жыл үшін бұл көрсеткіш көп емес», - дейді мамандар.
Юрий Пя, кардиохирург:
- Шамамен 150 адам жүрек алмастыруға кезекте тұр. Былтыр 2, ал биыл тағы 2 адамға ғана операция жасадық. Яғни, донор жоқ. Мәселен Чехия елін алсақ, онда тұрғын саны бізден екі есе аз. Бірақ жыл сайын 60 шақты жүрек трансплантациясын жасайды. Меніңше, осындай шаралар арқылы, біздің ел де Еуропадағыдай көрсеткішке жетеді. Мен соған сенгім келеді.
Елде жүрек трансплантациясын жасайтын Астана, Алматы және Шымкент қалаларында 3 орталық бар. Донор тапшылығынан мамандар баламалы шешімдерге жүгінеді. Яғни, жасанды ағзаларды импланттаудан басқа амал жоқ.
Авторлары: Альмира Оразбай, Руслан Алиев