«Игі істер» марафоны басталғалы 900-ге жуық ізгі әрекет жасалды

Елде игі істер марафоны жалғасып жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Қайырымдылық мәдениеті мен волонтерлікті дамытуға бағытталған жалпыұлттық жобаға бір айда 10 мыңға тарта азамат атсалысып, 900-ге тарта ізгі әрекет жасалды. Елордалық еріктілер 2 тоннадан астам қоқыс пен пластик жинап, қала тазалығына үлес қосты. Ал, Қостанай облысында «Жақсылық жаса» акциясы аясында көпбалалы отбасыларға көмек көрсетілді. Материалдық қолдауға мұқтаж балаларға жәрдемдесу мақсатында «Мектепке жол» акциясы да қолға алынды. Игі істер марафоны 1 желтоқсанға дейін созылады. Оған әр азамат қатыса алады.

Айдана Мақышева, «Ұлттық волонтерлік желі» заңды тұлғалар бірлестігінің ақпараттық желі менеджері:

- Жасаған игі ісіңізді әлеуметтік желіде жариялау қажет. Игі ісіңізді «Каз волонтер» платформасындағы тіркейсіз. Техникалық тексерістен өткен әр қатысушы ізгі істер марафонын растайтын сертификат алады. 10 түрлі номинация бойынша марапаттау болады. «Ең мейірімді аймақ», «Ең мейірімді ұжым», «Ең мейірімді оқу орны» секілді тағы басқа номинациялар бойынша марапатталады. Сонымен қатар мейірімді істер туралы көпшілікке жеткізіп айтып жатқан БАҚ өкілдері де марапатталатын болады.