СҚО-да 900 шақырым жол жөнделеді
Биыл Солтүстік Қазақстан облысында 900 шақырым жол жөнделеді. Бұл мақсатқа 70 миллиардтан астам теңге бөлінген, деп хабарлайды 24KZ.
Жұмыс барысы қалай жүріп жатыр? Оның сапасын кім бақылайды?
Бұл – Солтүстік Қазақстан облысынан Ресейге шығатын «Челябі-Новосібір» бағыты. Бұл жермен тәулігіне 2,5 мыңға жуық көлік өтеді. Биыл республикалық тасжолдың 14 шақырымын жөндеуге 1 млрд теңге бөлінді.
Талғат Смағұлов, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ОФ директоры:
- Республикалық маңызы бар жолдың аумағы пайдалануға берілуге дайын. Оны арнайы құрылған комиссия мүшелері қабылдап алды. Жұмыс сапасын техникалық қадағалау ұйымы бақылады. Жолға 2 жыл кепілдік берілген.
Биыл облыс бойынша республикалық маңызы бар 200 шақырым тасжол жөнделеді. Қазір оның жартысына жуығы толық аяқталған. Қалғаны жаздың соңына дейін тапсырылады. Өңірде су тасқынынан жүруге жарамай қалған бағыттар да қалпына келтіріліп жатыр.
Ерден Шортыбаев, жолаушылар көлігі және автожолдар басқармасы басшысының м. а.:
- Бұл мақсатқа Үкімет резервінен 5,2 млрд теңге бөлінді. Оған 10 жол аумағы қалпына келтіріледі. Сонымен қатар су өткізгіш құбырлар ауыстырылады. Барлық жобаның жұмыс сапасын тәуелсіз сарапшылар бақылайды. Олар асфальт сынамасын алып, зертханада тексереді.
Өңірде әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді жоспары аясында 2026 жылға дейін 2 мың шақырым жол жөнделеді.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов.