ШҚО-да ғимараттардың құрылыс барысын сала ардагерлері бақылайды
Шығыс Қазақстан облысының Шемонаиха ауданындағы жаңа ғимараттардың құрылысына ардагер құрылысшылар жетекшілік етеді, деп хабарлайды 24KZ.
Тәжірибелі мамандарды жергілікті билік қоғамдық бақылаушы ретінде тартқан. Себебі олар құрылыстағы кез келген кемшілікті байқай алады. Сондай құрылысшылардың бірі – тәжірибесі 40 жылдан асқан Отто Рупп.
Отто Рупп 42 жылдық еңбек жолында түрлі өндірістік, әлеуметтік нысандарды салды. Шемонаиха ауданындағы зауыттар мен ауруханалар, білім ошақтары оның өткенінен сыр шертеді. Ардагер құрылысшы бүгін Шемонаиха қаласындағы жаңа мектептің құрылысын бақылауға келді. Жергілікті билік пен мердігер де ардагердің әр кеңесін басшылыққа алады. Прораб Константин Лопатько: «Әр учаскені мұндай білікті мамандардың бақылауы құрылыстың сапалы жүруіне септігін тигізеді», – дейді. Сондай-ақ жас құрылысшылардың тәжірибе жинауына да таптырмас мүмкіндік.
Константин Лопатько, құрылыс учаскесінің бастығы:
- Әр құрылыстың өз қиындығы болады. Бірақ аяқталғаннан кейін оның ләззатын сезінесіз. Ардагерлермен тәжірибе алмасып жатырмыз. Олар қателік жібермеуге үйретеді.
Аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Молдаханов та – мамандығы бойынша жол құрылысының білгірі. Сондықтан әріптестерге талқылайтын ортақ тақырып та бар. Отто Рупп білгенін жасырып қалған емес. Ардагердің әр кеңесі кәдеге жарайды.
Отто Рупп, құрылыс саласының ардагері:
- Сіз өз жұмысыңыздың нәтижесін көрген уақытта қатты қуанасыз. Ал біз салған нысандар әлі күнге дейін жарқырап алдымыздан шықса, төбеміз көкке жетеді. Тіпті бұрынғы жас күнімізді еске салады.
45 мың тұрғыны бар Шемонаиха ауданында Отто Рупптың қолтаңбасы қалған нысан жетерлік. Ол жергілікті инфрақұрылымды тартып, ауылдарға су құбырларын да салған. Мысалы, бұл – 80-ші жылдары бой көтерген мектеп. 40 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатқан білім ошағының құрылысына Отто Рупптың еңбегі сіңді. Мұғалімдер ардагер құрылысшыны құрмет тұтады.
Ольга Акентьева, педагог:
- Мұғалімдерді «бала жанының бағбаны» деп жатады. Рас, адамға білім өмір бойы керек. Ал сол білімді беретін мынадай мектептерді салу маңызды. Құрылысшылардың еңбегі арқасында балалар алаңсыз оқып жатыр.
Кәсіби құрылысшылар қашанда сұранысқа ие. Бірақ бұл саланы таңдайтын жастар аз. «Құрылысқа жастарды тарту маңызды», – дейді ардагер. Сала мамандарды өз білгенін қашанда бөлісуге дайын.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Вячеслав Ветлугин, Жігер Бабақанов.