Түркістан облысында орақ науқаны аяқталуға жақын
Түркістан облысы астықтың 90 пайызын орып болды.
Биыл өңір шаруалары 282 мың гектар алқапқа дән сепкен. Оның 227 мыңы бидай, қалғаны арпа. Сөйтіп, биыл астықтың шығымы қалай? Диқандар қанша өнім жинауды жоспарлап отыр? Жалпы егін ору науқаны қашан аяқталады?
Өңірдің климаттық ерекшелігіне орай, биыл да Түркістан облысының шаруалары астыққа бірінші болып орақ салды. Оннан аса аудан егіс науқанын аяқтап, астықты қамбаға құйып алды. Қазір таулы аудандарда егін орағы жалғасып жатыр. Қазығұрт ауданындағы ең ірі серіктестік биыл 350 гектарға бидай еккен. Алқап басындағы шаруалар егіннің бітік шыққанын айтады.
Ержан Көбеев, серіктестік төрағасы:
- Биыл өнім жылдағыдан дұрыс, 20-25 центнердің көлемінде аламыз деп жоспарлап отырмыз. Бастағанымызға міне 2-3 күн болды. Енді 10-15 күннің көлемінде техника жүріп тұрса, бітіп қаламыз деген жоспарымыз бар.
Түлкібас ауданының шаруалары да егіннің жартысынан астамын жинап алған. Биыл олар масақты дақыл, бидай, арпа тұқымын сепкен. Қазір егіс алқаптарында астық ору науқаны қызып жатыр. Шаруа қожалығының төрағасы Бақтияр Тілепалдиев биыл 100 гектарға егін салған. Ауа райы қолайлы болғандықтан егін бітік шықты, дейді.
Бақтияр Тілепалдиев, шаруа қожалығының төрағасы:
- Биылғы жауынның арқасында қазір әр гектардан 30 центнерден астық алып жатырмыз. Барлығы жақсы, техника жеткілікті. Бұйырса қырман толады, орып жатырмыз.
Осы күнге дейін бидайдың 92 пайызына, ал арпаның 86 пайызына орақ түсті. Былтыр шаруалар 466 мың тонна астық жинаған.
Нұрбек Бадырақов, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Биыл 716 мың тонна өнім жинаймыз деп жоспарлап отырмыз. Бүгінгі таңда 624 мың тонна астық жиналды. Өнімділігі де жақсы, былтырғы жылы 17 центнерден айналса, биыл орташа өнімділіктің өзі 25 центнерден айналып отыр. 30 центнерден өнім алған шаруалар да бар. Негізінен қалып отырған қазір Түлкібас, Бәйдібек, Сайрам, Төлеби аудандары қалды. Алдағы он күн көлемінде астық ору жұмыстары толық аяқталады.
Сонымен қатар биыл өңірде көкөніс, бақша, картоп дақылдарынан 3,5 млн тонна өнім алу жоспарланып отыр.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов