БҚО-да 44 тұрғын үй жөнделеді
Биыл Батыс Қазақстан облысында 44 көп қабатты үй жөнделеді.
Орал қаласында 26, Ақсайда 18-і қайта жаңғыртылады. Бірақ құрылыс жұмыстары кешеуілдеп жатыр. Өйткені республикалық бюджеттен келетін қаржы уақтылы жетпеген.
Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:
- Батыс Қазақстан облысындағы бірден-бір шағын шаһар саналатын Ақсай қаласында 153 көпқабатты үй бар. Соның жартысына жуығы өткен ғасырдың 70-80 жылдары салыныпты. Уақыт тезіне төтеп бере алмай, тозығы жете бастаған үйлерді жаңғырту жұмыстары тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын дамыту тұжырымдамасына сәйкес жүзеге асуда. Мына біз тұрған 10-шы ықшамаудандағы №2 үйдің шатыры қазір толықтай ауыстырылып жатыр.
216 пәтерлік 9 қабатты үйдің салынғанына 40 жылдан асқан. Осы мезгілде шатырдың жұмсақ жабыны әбден ескірген. Әр жерден тамшы өте бастаған. Пәтер иелерінің кооперативі уақытша жамап-жасқағанымен, одан нәтиже болмапты. Лажы таусылған тұрғындар биыл төбені толықтай жаңартуға келісіпті.
Бекболат Құрмашев, құрылыс компаниясының басшысы:
- Біз келгенде үйлердің бәрі деген сумен алған ғой. Төбелері құлап, тұруға мүмкіндік жоқ кісілердің. «Стяжка» құйып, одан кейін жұмсақ шатыр 4 қабат жабыстырамыз. Мына неміс технологиясымен шығарған материалдар өте сапасы мықты.
Тұрғындардан құралған арнайы топ жұмыс сапасын күнделікті тексеріп тұрады. Құрылыс құны 65 миллион теңге. Осы қаржыны пәтер иелері 15 жыл ішінде бөліп төлемек. Үйдегі жеделсатылар да толықтай жаңартылыпты.
Татьяна Бойко, Ақсай қаласының тұрғыны:
- Басында келіспегендер болды. Әсіресе төменгі қабат тұрғындары. Бірақ уақыт өте олар да түсінді ортақ мүлік екенін. 70% тұрғындардың қолын жинағаннан кейін әкімдікке өтініш бердік. Биыл төбені жөндесек, былтыр 28 жыл жасамай келген жеделсатыларды жаңарттық. Бағдарламаның шарапатын көріп отырмыз.
Өңірде мемлекеттен берілетін пайызсыз несиені пайдаланып, тұрғынжайларын жақсартқысы келетіндер саны артып келеді. Оған өткен жылы ережеге енгізілген өзгеріс те әсер етіпті. Бұрын бағдарламаға қатысу үшін тұрғындардың 2/3 келісімі керек болса, енді қолдаушылар қатары жартысынан асса жеткілікті.
Қанат Өмірәлиев, БҚО Энергетика және ТКШ басқармасының басшысы:
- Қазір бәрі түсінді. Кейбір үйлер бар мысалға 15 жылы лифт жасаса, қазір төбеге жабындысына беріп жатыр. Ол түсініп отыр, ешқандай пайыз жоқ, тұрғын үй көмегі қарастырылған және. Бұрын 5-6 жобадан болатын болса жылына, қазір кезек пайда болды. Өтініштердің түсуіне байланысты біз кезекке қойып жатырмыз. Осы 23-те берілген өтініштердің алдына биылғы 24-тегі өтініштерді қоя алмаймыз.
Ақсай қаласында биыл 2 үйдің төбесі жөнделсе, 16 жеделсаты жаңартылады. Ал Орал қаласында 19 үйдің төбесін жөндеп, 6 жеделсатыны алмастыру көзделген. Оған 879 миллион теңге бөлінбек.
Қанат Өмірәлиев, БҚО Энергетика және ТКШ басқармасының басшысы:
- 2022 жылдан бастап, ол жобаларды республикалық бюджетке жолдадық. Бірақ 23 те ақша болған жоқ. 24 те бөлінді. Бірақ әзір түскен жоқ. Күтіп отырмыз шарттарды жасап. Одан бөлек 26 жобаға келетін болсақ, мердігерлердің өз қаражаты есебінен 8 үйдің құрылыс жұмыстары аяқталып тұр.
Ал келесі жылға өңірде тұрғын үйлерді жаңғыртуға қатысты 67 жоба әзірленіп жатыр. Оның 32-сі Ақсай, 35-і Орал қаласында.
Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов