Биыл Абай облысында аудандық маңызы бар 140 шақырым жол жөнделеді
Биыл Абай облысында тозығы жеткен аудандық маңызға ие 140 шақырым жол жөнделеді.
Бұған облыс бюджетінен 4,7 миллиард теңге бөлініп отыр. Мысалы Үржар ауданында төрт ауыл бағытындағы жолға асфальт төселеді. Жол сапасын арттыруға қатысты тағы қандай істер атқарылып жатыр.
Үржар ауданындағы Некрасов ауылының тұрғындары талай жыл жол азабын тартып келді. 12 шақырымның ойдым-ойдымы шыққанына жарты ғасыр жуықтаған. Енді ауданаралық жолдың құрылысы қарқын алып отыр.
Нұрахмет Ибраев, Некрасов ауылының тұрғыны:
- Мына балаларға рақмет, жолды бұрқыратып жатыр. Мынау космос қой бізге. Біздің жақты негізі Швейцария дейді. Осында қыста келсін көрем қалай Швейцария болатынын. Туристік база ашылады деп жатыр. Алла соған жеткізсін енді. Қуаныштымыз, өте қуаныштымыз.
Дәл осындай жұмыстар Шолпан ауылында атқарылды. Аудан орталығына қатынайтын 3 шақырым жол жаңарып шыға келді.
Оңғарбай Тұрлыбаев, Шолпан ауылының тұрғыны:
- Трассаға дейін қазір бес минутта шығасың. Аягөзің мен Үржарыңа қазір бір-ақ сағатта транспортпен қатынауға болады. Барлығы жақсы. Бұрынғыдай емес, өзгерістер бар. Ауылымыз жақсы, халқымыз жұмыспен қамтылған.
Жалпы Үржар ауданындағы жолдардың жалпы ұзындығы 306 шақырымға тең. Соның шамамен 30 шақырымы жөнделіп жатыр. Құрылыс сапасы қатаң бақылауда. Мердігер құрылыс жұмыстарын 30 қыркүйекке дейін аяқтауды жоспарлап отыр.
Маман Еженхан, Үржар аудандық ТҮКШ, Жолаушылар көлігі және автожолдар бөлімінің басшысы:
- Қазіргі уақытта өздеріңіз көріп отырғандай асфальт салу жұмыстары жүріп жатыр. Енді арнайы сараптамадан өткен техникалық құжаттамаға сәйкес ені 6 метр қалыңдығы 5 см болатын асфальт салынатын болады. Одан бөлек «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы бойынша Үржар ауданында 9 көшеге 9,7 шақырым жерге ағымдағы жөндеу жүргізіліп жатыр.
Облыс бойынша Үржардан бөлек Абай, Бесқарағай, Жарма, Ақсуат және Бородулиха аудандарында жүзеге асып жатыр. Жалпы 140 шақырым жол қалпына келтірілмек.
Рүстем Қайратұлы, Берік Жобалайұлы