Астанада студенттерге арналған жаңа жатақхана пайдалануға берілді

Астанада жаңа жатақхана пайдалануға берілді, деп хабарлайды 24kz.

Енді оның игілігін Еуразия Ұлттық университетінің I және II курс студенттері көреді. Бұған дейін Мемлекет басшысы жатақханадағы орын тапшылығын жою туралы жауаптыларға тапсырма жүктеген еді. Бүгін бұл мақсат жүзеге асты.

Жатақхананың дәл бүгін пайдалануға берілгені бекер емес. Оның ашылу салтанаты Халықаралық жастар күніне орайластырылып отыр. Қызыл лентаны Ғылым және жоғары білім вице-министрі, қала әкімдігі өкілдері мен мәслихат депутаттары кесті. 

Ләззат Нұрқатова, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры:

- Жоғары оқу орнында 13 факультет бойынша 20 мыңнан астам студент білім алады. Жаңа нысанды қоса алғанда университеттің 8 жатақханасы бар. Ғимараттың барлығы заманауи құрылғылармен жабдықталған.

Самат Ибраев, қалалық Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы:

- Студенттердің қауіпсіздігі басты назарда болады. Жатақханада турникет пен бейнебақылау камералары бар. Өрт қауіпсіздігіне арналған дабыл түймелері де қарастырылған.

6 қабатты ғимарат 4400 шаршы метр. Мұнда 382 орынға арналған 158 бөлме бар. Жатақханада студенттер үшін ас бөлме, жуынатын және демалатын, сондай-ақ коворкинг бөлмелер қарастырылған.

Арман Халелов, «Bastau» құрылыс тобы компаниясының өкілі:

- Жатақхананың құрылысы мен ішін керек-жараққа толтыру үшін қолымыздан келгенді жасадық. Бұл жұмыстар «мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмі» негізінде жүзеге асып отыр. Біз саламыз, ал министрлік қабылдап алады.

Қазір елде 7 мыңға жуық студентке орын жетіспейді. Дегенмен мәселе Президент пәрмені бойынша кезең-кезеңімен осылай шешіліп келеді.

Авторлары: Альмира Оразбай, Наурызбай Құрманғазы