Бұқтырманың қос жағасынан басталған көпір құрылысы түйісті

Шығыс Қазақстан облысында Бұқтырма су қоймасының қос жағасынан басталған көпір құрылысы түйісті, деп хабарлайды 24kz.

Нысандағы жұмыстар осыдан 3 жыл бұрын Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған. Бұған дейін су қоймасының ар жағындағы Күршім, Марқакөл жұрты жарты ғасырлық тарихы бар ескі пароммен қатынап, жол азабын тартып жүрген. Енді ұзындығы 1316 метр, ал ені 12 метр болатын көпірдің арқасында барыс-келіс жеңілдейді. Өткелден тәулігіне 20 мың көлік қатынай алады. Самар ауданы жағынан 18 шақырым, ал Күршім жақтан 1 шақырым кірме жол да төселді.

Ерлан Уәли, Жолаушылар көлігі және автожолдар басқармасы басшысының орынбасары:

- Әрбір қолданатын жол құрылыс материалдарының сапасы тексеріледі. Сол сапаның арқасында жол биыл қазан айының аяғына дейін бұл көпірмен жүру жоспарланған. Жалпы одан ары қарай абаттандыру жұмыстары жүргізіле береді. Абаттандыру жұмыстары біткеннен кейін 2025 жылы бұл көпір қабылданатын болады.