Шемонаиха ауданында бірнеше ауыл жол азабын тартып отыр

Шығыстағы Шемонаиха ауданындағы бірнеше ауыл жол азабын тартып келеді, деп хабарлайды 24kz.

Мәселен Барашки елді мекеніндегі жұрт 50 шақырым қашықтықтағы аудан орталығына жете алмай әуре. Өйткені екі ортадағы ең басты жолдың үстіне ірі тас төгіліп жатыр. Сондықтан қарайған халық діттеген жеріне орман мен егістік алқабының арасын кесіп, төте жолмен әрең жетеді. Автокөлік қатынасының қиындығы, әсіресе, ауырып-сырқаған тұрғындардың жанына батып отыр.

Барашки ауылы мен аудан орталығының арасындағы жолдың кейпі осы. Басынан аяғына дейін ірі қиыршық тас төгіліп жатыр. Анау-мынау көлік те өте алмайды. Өткеннің өзінде жылдамдықты сағатына 20 шақырымнан асыруға келмейді.

Амалы құрыған ел егістік алқабының ішімен өтіп жүр. Татьяна Бровконың жол талғамайтын көлігі де мынадай тастан соң сыр бере бастапты.

Жолдың жайы науқас адамдардың жанынан батып тұр. «Бір айлық немерем ауырып қалған кезде жедел жәрдем көлігі жете алмай әбден шарасыз күйге түстім», - дейді жергілікті тұрғын Юлия Гуслякова. Енді осы қысқа жолдың жөнделуін асыға күтіп жүр.

Юлия Гуслякова, Барашки ауылының тұрғыны:

- Көктемде тіпті ары-бері жүре алмай қалдық. Бір айлық немерем ауырған кезде жедел жәрдемді жарты сағат күттік. Жап-жақын жерге жете алмай титықтап отырмыз.

Барашкиге баратын жолға неге ірі тас қиыршықтары төселгенін білдік. Гәп – жол құрылыс материалдарының жетіспеуінде екен. Бұған дейін Ертістен малта тас алынып төгілсе, қазір бұндай іс-шараға тыйым салынған. Өйткені бұл экологиялық кодекс нормасына қайшы. Енді осы төселген өткір тастарды уатып, тегістеуден басқа амал жоқ.

Бақытжан Молдаханов, Шемонаиха ауданы әкімінің орынбасары:

- Қазіргі таңда ол жерде үлкен тастар жатыр.Сол тастардыі ірісін қолмен алып, қалғандарын «виброкаток» дейді сонымен қалпына келтіреміз бұл жұмыстарды. Келесі жылдары оны асфальттауды жоспарлап отырмыз.

Сондай-ақ биыл аудандағы тағы үш ауылға апаратын жол орташа жөндеуден өтеді. Ол үшін 1 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінді.

Авторлары: Эльмира Ахметова. Жігер Бабаханов