Мектепке дайындық: биыл баға қандай?
Жаңа оқу жылы таяп қалды. Осы кезде ата-аналар баласын мектепке дайындайды.
Киім-кешек, оқу құралын түгендейді. Ал мұның бәрі айналып келіп қалтаға салмақ салады. Сөйтіп, биылғы баға қандай? Жұртшылық, дүкен иелері не дейді?
Жарты айдан кейін сабақ басталады. Баласын мектепке жинаған жұрт қарасы қазір оқу құралдары мен мектеп формасын сататын киім дүкендерінде көп. Солардың біріне біз де арнайы барып, сауда қай шақтан қызғанын сұрадық.
Бейбіт Күлшебаева, мектеп формасын тігетін фирма басшысы:
- Біз арнайы дүкен болғандықтан, қызу сауда маусымнан басталды. Оның үстіне киімнің сапасы мен бағасы да көңілге қонымды. Мысалы, ең арзан жейде 6500, шалбар 7200, пиджак 12500, желетке 6500 теңге тұрады. Бір баланы кем дегенде 25-30 мыңға киіндіруге болады.
Бір баланың мектепке арналған жиынтық формасының төменгі бағасы осындай. Бұл аяқкиімді қоспағанда. Оның үстіне спорттық киім мен аяқкиімнің қажет болатынын ескерейік. Киімнен бөлек, оқу құралдары керек. Мектеп формасының бағасын біліп алған соң кеңсе тауарлары дүкеніне де бас сұқтық.
Фариза Нұруа, сатушы:
- Тамыз айының 3-нен бастап адам көп келеді, оқушылар, ата-аналар осы тауарлардың барлығын алып кетеді. Біздің дүкендерде барлық баға жыл бойы бірдей болады. Ата-аналар оқу құралдарын алатын кезде сөмкелерді арзандауын, ал қалам... Соларды алатын кезде қымбаттауын, сапалысын алады.
Сатушының айтуынша, оқушыға нақты қажет оқу құралдарын ең төменгі бағада жинаса 10 мың теңгеге дейін шығады. Алайда бағасы емес, сапасына мән беріп, осы дүкенде сауда жасап шыққан ананың себеті 3 есе қымбатқа түсті.
Астаналық Гүлнұр Мырзабекованың сатып алған оқу құралдарының ішінде сөмке жоқ, тек кеңсе заттары ғана. Сатушының айтуынша, ең арзан рюкзак 5 мың теңгеден басталса, ең қымбатын 30 мыңға дейін аласыз. Ал оқу құралдары ішінде ең арзан зат қаламсаптың бағасы 20 теңгеден 400 теңгеге дейін барады.
Авторлары: Мөлдір Молдағали, Ғалымжан Абылахат.