СҚО-да 76 мың оқушы мектепке барады
Биыл Солтүстік Қазақстан облысында 76 мыңға жуық бала мектепке барады. Бұл жақта да мектеп формасының саудасы қызып тұр. Қымбаты, арзаны да бар.
Бір тәуірі, облыс орталығында мектеп киімін тігетін фабрика жұмыс істеп тұр. Ал оның пайдасы қаншалықты? Әлеуеті қандай? Жаңа оқу жылында жергілікті билік қандай әрекет жасап жатыр?
Назгүл Мұқышева немерсін жаңа оқу жылына дайындап жатыр. Тәңір биыл 4-сыныпқа барады. Өзі Мағжан Жұмабаев ауданында оқиды. Атасы мен әжесі мектеп формасын жыл сайын қалаға келіп сатып алады.
Назгүл Мұқышева, Булаев қаласының тұрғыны:
- Бізге жалпы 60-70 мың кетеді. Формасына, міне, 30 мың кетіп тұр. Аяқ-киімі бар. Дәптерлері бар. Сөмкесі бар. 60-70 мың кетеді деп ойлаймын.
Бұл – Петропавлдағы мектеп формасын тігетін ірі фабриканың бірі. Кәсіпорында жаңа оқу жылы қарсаңында айына 5 мың баланың киімі дайындалады. Қазір цехта 50 адам еңбек етеді.
Евгения Астанина, тігін фабрикасының қызметкері:
- Бірінші сыныпқа баратын баланың мектеп формасы 20 500 теңге тұрады. Көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға жыл сайын жеңілдік жасаймыз. Биыл су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға да бағаны түсірдік.
Қазір оқу құралдарының саудасы да қызып тұр. Мысалы, Петропавлдағы мына дүкенде 12 беттік дәптердің бағасы 25 теңгеден, қалам 45 теңгеден, сөмке 8 мың теңгеден басталады.
Мөлдір Ізтілеуова, қала тұрғыны:
- 3 балам бар. Бірінші, екінші сыныпқа өтті. Оқу құралына бір балаға енді 30-40 мың теңгедей кетеді. Ол сөмке, басқа құралдарды қоспағанда.
Бірақ оны бәрінің қалтасы көтере бермейді. Солтүстік Қазақстан облысында әлеуметтік жағдайы төмен 11 мыңға жуық бала есепте тұр. Оларға бюджет есебінен 470 млн теңге бөлінген.
Айнагүл Сұрағанова, облыстық білім басқармасының басшысы:
- Биыл әлеуметтік жағынан осал топтағы отбасыларға 43 407 теңге көлемінде біржолғы жәрдемақы төленеді. Ақша осы санаттағы ата-аналардың есепшотына аударылады. Кейін олар 10 күннің ішінде киім-кешек, құрал-жабдықтар алып, есеп береді.
Мұқтаж отбасыларға «Мектепке жол» акциясы аясында да көмек көрсетіледі. Былтыр қайырымды жандардың арқасында 15 мың бала мектепке дайындалды.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов.