Баянауыл ұлттық паркінде өртке қарсы күрес күшейді

Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде өртке қарсы күрес күшейді, деп хабарлайды 24KZ.

Себебі демалыс аймағына келушілер саны жылдан-жылға артып келеді. Баянауылдың көрікті табиғатын қорғау үшін орман инспекторлары мен өрт сөндіру қызметі бірлесіп жұмыс істеуге көшті.

Туристік маусым басталғалы Жасыбай демалыс аймағына 120 мыңнан аса адам келген. Әсіресе демалыс күндері көлдің жағасында ине шаншар жер таппайсың. Дегенмен ұлттық парк қызметкері Қуанбек Мадиннің айтуынша, тау басында от жағу әрекеттері тыйылмай келеді. Ал ол жерде өрт шықса, жедел жетіп сөндіру айтарлықтай қиындық тудырады. 

Қуанбек Мадин, Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі басшысы орынбасарының м.а.:

- Төртінші, бесінші дәрежедегі жаңағы өрт қаупі болғандықтан, біз өрт сөндіру автокөлігін, өрт сөндіру жауынгерлерін – барлығын шығарып, далада, таудың ортасында осындай жерлерге қоямыз. Өрт шыққан жағдайда жедел әрекет ету үшін.

Демалыс аймағының өткізу-бақылау бекетінде тіркелетін ұзын сонар көлік кептелісі де арнайы қызмет көрсететін саланың жұмысына кедергі тудырады. Сондықтан өрт сөндіру бекеттері ұлттық парктің бірнеше аумағына қойылып отыр.

Азамат Қожайбердиев, Баянауыл ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы:

- Біздің өрт сөндірушілер күшейтілген режимде қызмет жасап жатыр. Мысалы, айтқанда бізде 2023 жылы, осы бүгінгі күнгі уақытта 20 орман өрті тіркелген болса, 2024 жылғы біздің өрт сөндірушілердің, Төтенше жағдайлар департаментінің, ұлттық табиғи парк мемлекеттік инспекторларының атқарған жұмысының арқасында бізде орман өртінің саны азайды.

Биылғы өрт қаупі жоғары кезеңде Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында 4 орман өрті тіркелді. Жалпы мұндағы 68 мың гектар ерекше қорғалатын аумаққа жатады. Оның 40 мың гектары – қарағайлы орман алқабы.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков.