Депутат «жайлы мектеп» құрылысының сапасына қатысты сын айтты
«2 мың бала білім алатын «жайлы мектепте» бір ғана лифті қарастырылған. Ол аздық қылады. Атының өзі «жайлы» болған соң мектеп шын мәнінде жайлы болуы тиіс». Бүгін Түркістан облысына жұмыс сапарымен барған Мәжіліс депутаты Ерлан Абдиев Түркістан қаласында салынып жатқан «жайлы мектептің» құрылыс сапасымен танысу барысында осындай пікір білдірді.
Сонымен қатар халық қалаулысы мүгедектігі бар азаматтар үшін білім ұясының кіреберісіне электр көтергіш емес, пандус қою керектігін айтты. Себебі электр көтергіш 3-4 айдан кейін істен шығуы мүмкін. Ал төтенше жағдай немесе жарық сөніп қалған кезде оның іске алғысыз болып қалатынын да ескертті. Жаңа нысанның құрылысы жайлы баяндаған мердігер компания өкілі алғашында жоба бойынша екі лифт болғанын, кейін жобаға түзетулер енгізілгенін жеткізді. Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Абдиев алдағы қараша айында тапсырылуы тиіс бұл «жайлы мектеп» «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасын Түркістан облысында іске асыру жөніндегі Жол картасына енген маңызды нысандардың бірі екенін қадап айтты. Сондай-ақ бұл кемшіліктерді, Үкіметке депутаттық сауал ретінде жолдайтынын жеткізді.
Ерлан Әбдиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бірінші кезекте мұны жеткіземіз. Өйткені бұл – менің өзім үшін де, мүгедектігі бар адамдар үшін де маңызды нәрсе. Мен өзім инженер болғандықтан, бұны жақсы түсінемін. Осы бағыттағы жұмыстардың өзгермеуін талап ететін боламын. Басқа нәрседен үнемдесін, бірақ мынау лифт, жайлылық мәселесіне келгенде оны үнемдеудің қажеті жоқ. Мектептің қазіргі салынып жатқанын айтудың қажеті жоқ, оның ары қарайғы өмірін ойлауымыз керек.