Kazinform агенттігіне 104 жыл толды

Қазақстан жылнамасының жаршысы Kazinform агенттігіне 104 жыл.

Ғасырлық тарихы бар еліміздегі ең көне медиаресурстардың бірі  бүгінде халықаралық деңгейде ақпарат таратады. Kazinform алаңы қалай дамып келеді және оқырманды қандай жаңашылдықтар күтіп тұр?

60 жылды артқа айналдырсақ ҚазАқпараттың жұмысы дәл осылай болар еді. Бұл агенттік архивінен алынып, нейрожелінің көмегімен жанданған фотолар. 1920 жылы алашордалықтардан бастау алған агенттік түрлі тарихи кезеңдерден өтіп, бүгінде беделді ақпарат көзінің біріне айналды.  ҚазАқпарат Қазақстандағы халықаралық деңгейдегі жалғыз агенттік.  Елордада орналасқан бас кеңседе 100-ден астам адам жұмыс істейді. Сайтта саясат, әлеумет, мәдениет, бизнес, инвестиция, ғылым түрлі салаға қатысты мыңдаған материал бар.

Нағашыбек Алдан, "Kazinform" халықаралық ақпараттық агенттігінің басқарушы директорының орынбасары:

- 11 мемлекетте тілшіміз бар. Қазақстанның әрбір аймағында тілшіміз бар. Күндеклікті 400-ге жуық ақпарат шығады. Бүкіл KAZINFORM бойынша бүкіл тілдік нұсқаларда. Бес тілде шығады және жеті тілдік нұсқада. Ол деген сөз, латын әлипбиінде, қосымша төте жазу. Біздің көптеген қандастарымыз Моңғолиядағы, Қытайдағы, Иран, Ауғанстан төңірегінде қалған  қандастарымыз кирилл немесе латын әліпбиін білмейді. Олар тек төте жазуда оқиды.

KAZINFORM медиа ортада өзіндік орны бар дерек көзі. Оқырманға ыңғайлы болу үшін соңғы жылдары сайттың интерфейсі жаңартылып, шрифттер өзгертілді. Агенттік елде және жаһанда болып жатқан соңғы жаңалықтарды жылдам жеткізуге, шынайы ақпарат таратуға ден қояды. Қазақстанның басты саяси оқиғалары халықаралық ақпарат  айгенттігінің назарында.

Анар Каринтаева, "Kazinform" халықаралық ақпараттық агенттігінің директоры:

- "ҚазАқпарат ШЫҰ отырысы кезінде біздің барлық халықаралық агенттіктерге, оның ішінде ағылшын тілінде кеңейтілген сараптамалық пікірі бар эксклюзивті ақпарат таратты. Сол жұмысты қорытындылағанда өте қызық.

Нағашыбек Алдан, "Kazinform" халықаралық ақпараттық агенттігінің басқарушы директорының орынбасары:

- Әлем бойынша 26 БАҚ өкілдерімен серіктестік орнаттық. Олардың ішінде Корея, Ресей, Европа елдерінің, Америкадағы, Таяу Шығыстағы солардың бәрімен серіктестік орнатып жатырмыз. Тілшілеріміздің деңгейін өсіріп жатырмыз. Бұл сапалы контент шығаруға әсер етеді. Осы уақытқа дейін KAZINFORM тек ақпараттық, мәтіндік, ақпарат көзі болса, енді видеохостингке айналады. Алдағы уақытта біз видео форматта көптеп ақпарат шығаратын боламыз.

KAZINFORM арқылы шетелдік медиа Орталық Азия мен Қазақстан туралы ағылшын тілінде ақпарат алады. Осы орайда тілшілер қосыны сапалы контент дайындауға үлкен мән береді. Алдағы ауқымды мақсат - KAZINFORM ақпараттық агенттігін әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарының біріне айналдыру.

Ғазиза Мұхамеджанова, Серік Қоңырбаев