Талдықорғанда АЭС құрылысына қатысты тыңдау өтті

Жетісу облысында қуат көзіне сұраныс артып келеді.

Былтырдың өзінде өңір тұрғындары 1,9 миллиард киловатт сағат электр энергиясын тұтынған. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 15 процентке көп. Ал елде қуат өндіретін нысандардың тозу деңгейі жоғары. Келешекте тапшылық болдырмас үшін ескілерін жаңартып қоймай, атом электр станциясын салу керек. Талдықорғанда өткен қоғамдық тыңдауда сала мамандары осылай деді. Энергетика министрлігінің өкілдері әлемдегі дамыған алпауыт елдер осы салаға иек артып отырғанын жеткізді. Олардың озық тәжірибесін мысалға алып, көпшіліктің көкейіндегі сауалдарға жауап берді.

Құсайын Дәуітұлы, облыстық "Чернобыль ардагерлері және мүгедектері" ҚБ Төрағасы:

- Тоқсыз не компьютер жұмыс істемейді, не байланыс болмайды. Техника мәшиненің өзі бензиннен тоққа көшіп жатыр. Олар қалай зарядтайды? Алға қарай дамитын болсақ, өндіріс ашатын болсақ, халқымыз саны көбейіп жатыр. Сондықтан энергиясыз болашақ жоқ десе болады.

Гүлмира Мурсалова, ҚР Энергетика министрлігінің департамент директорының орынбасары:

- Жел электр станциялары күн электр станциялары олар ауа райына тәуелді болған соң тұрақсыз болып саналады. Бұл себептен қазір бүкіл әлем атом энергетикасын дамытып жатыр.