Өзінің тірі екенін дәлелдей алмай жүрген адам

Батыс Қазақстан облысындағы Жаңақала ауылының тұрғыны өзінің тірі екенін дәлелдей алмай әлек.

57 жастағы Гүлайна Айтасова жақында несиесін төлейін деп есепшотынан ақша аудармақ болғанда, «сіз қайтыс болғансыз» деген жауап алған. Ал ауруханадан тегін дәрі алайын десе, ақ халаттылар оған «тірілер тізімінде жоқсыз» деген. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы да мұны растады. Аман-сау адамның қағаз жүзінде қаза болуына жауапты мамандардың салғырттығы себеп. Қателік жақын арада түзетілмек.

Гүлайна Айтасова, Жаңақала ауылының тұрғыны:

- Кредит операторларымен сөйлескем, олар айтады маған сіз дейтін 4 шілде күні Астана қаласында ауруханада қайтыс болған деп шығып тұр дейді. Осы жөнінде маған ЗАГС-ке бар дейді, салық комитетіне, ЦОН-ға бар дейді. Ол кісілер де бәрі айналысып жатыр. Мен Жаңақала ауданы бойынша тірі адаммын. Енді мен қалай болады, зейнет жасым жақындап келе жатыр, ана жинағым қалай болады?

Динара Құстанова, Орал қалалық азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының м.а.:

- Біздің ақпараттық жүйемізге азаматтардың қайтыс болу дерегі денсаулық сақтау министрлігінен түседі. Бұл қателікке жауапты біз емес, сол аурухана мамандары. Яғни сол Астанадағы емдеу мекемесінде қайтыс болған адамның мәліметтерін базаға тіркеу кезінде жеке сәйкестендіру нөмірінен қате кеткен. Қазір бұл проблема шешіліп жатыр. Ертең не бүрсігүні қателік түзетіледі. Жалпы мұндай жағдай біздің тәжірибемізде бірінші рет болып тұр.