Бұралқы иттер малға шапты

Маңғыстау облысында бұралқы ит малға шапты.

Батыр елді мекенінде бес қаңғыбас ит қораға кіріп, 26 бас асыл тұқымды ешкіні жайратып салған. Онымен қоймай, аулада тұрған 14 лақты талап кеткен. Енді ешкі сүті өнімдерін сататын кәсіпкер не істерін білмей дал. Сауын азық-түлікті несиеге алынған.

29 шілде күні таңғы алтылар шамасында шаруа қожалық иесі ешкілерді жайылымға шығармақ болып қораға барған. Жайрап жатқан малын көріп, полицияға хабар берген. Ветеринарлар акт жасағаннан бері ешқандай шара қабылданған жоқ. Кәсіпкер әркімнен көмек сұрап жергілікті органдардың табалдырығын тоздырумен жүр. 

Құмар Нұрпейісова, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Кәсіпкерлік бөліміне бардым. Жаңағы иттерді атып бере аламыз, сосын тағы 2,5 пайызбен кредит береміз дейді. Мен онсыз да бір кредитімді жапқан жоқпын да әлі. Қазір енді 7 ай төлейтін уақытым қалды. Осы ешкілерді «Нұр капитал» бағдарламасымен 400 мыңнан 15 ешкіні 6 млнға алдым. 

Құмар Нұрпейісова несие алған өңірлік бағдарлама қазір тоқтап тұр. Фермер банкке ай сайын 117 мың теңге төлейді. Оған Мұнайлы ауданы кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөліміндегілер келесі пилоттық жобаға қатысуға ұсыныс жасаған. Ал бұралқы иттер табылған бойда зарарсыздандырылады, дейді Бекболат Қабатбаев. 

Бекболат Қабатбаев Мұнайлы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:

- Сол шаруашылық төңірегінде аулау, кастрациялау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Шаруа қожалықтарын қолдау мақсатында облысымызда «Бір ауыл, бір өнім» бағдарламасы аясында берілетін 5 млн теңге грантқа, яғни жергілікті тауар өндірушілерге арналған. Сол кәсіпкердің соған қатысуына ықпал жасап жатырмыз. 

Соңғы екі айда Мұнайлы ауданның өзінде 200-ден астам бұралқы ит ауланды. Олар облыс бойынша жыл басынан бері 600-дей адамды қаңғыбас ит қапқан. Арасында балалар да бар. Аймақта қараусыз жүрген ит-мысықты аулаумен жеке кәсіпкерлер айналысады. Тендер ұтқандары  биыл 7 мыңдай ит-мысықты ұстап, зарарсыздандырған.

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев