Алматыдағы мектеп асханаларын жөндеуге 4 есе қымбат баға ұсынылған
Алматыда мектеп асханаларын жөндеуге 2 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінген, деп хабарлайды 24kz.
Бұл нарықтағы бағадан 4 есе қымбат. Жауапты тұлғалар мемлекеттік сатып алу арқылы, осылайша, ақша жымқыруға көшкен. Мұны сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігі әшкереледі. Мониторинг басқармасының аға офицері Әлішер Құмарбековтың айтуынша, қазір бұл лоттарға тосқауыл қойылып, тендерлер тоқтатылған. Білім бөлімдері бұл орайда әр мектептің асханасын жөндеуге 70-79 миллион теңге көлемінде жұмсамақ болған.
Әлішер Құмарбеков, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мониторинг басқармасының аға офицері:
- Біздің талдау бойынша анықталғаны – нарықтық құны мұндай жұмыстар-қызметтердің бағасы 20 млн теңгенің көлемінде. Және де біздің ұсынымымыздан кейін 23 мектеп бойынша сатып алу тоқтатылды. Қалған екі мектеп бойынша сатып алу осы нарықтық баға бойынша жүргізілетін болады.
Осылайша, жыл басынан бері 71 млн теңгеден астам қаражат үнемделді. Жалпы кейінгі 4 жылда 170 млн теңгенің заңсыз жұмсалмақ болғаны анықталған. Негізінен жауапты тұлғалар түрлі техника мен жабдықтар, жанар-жағармай және кеңсе тауарлары мен құрылыс жұмыстарына тапсырыс бергенде бағаны заңсыз көтерген.