Қаратоған ауылына ауызсу құбыры тартыла бастады
Қаратоған ауылына араға 9 жыл салып ауызсу құбыры тартыла бастады, деп хабарлайды 24kz.
Құрылыс 2015 жылы мердігердің жауапсыздығнан тоқтап қалған. Енді бұл істі аяқтау үшін жергілікті бюджеттен қосымша 393 миллион теңге бөлініп отыр.
Ардақ Айбарұлы, тілші:
- Қаратоған – мың шақты тұрғыны бар шағын ауыл. Аспантаулар аясындағы бұл елді мекен Байынқол өзенінің сол жағалауында орналасқан. Халқы ұзақ жылдар бойы сарқырап аққан тау өзенінің суын пайдаланып келді. Тұрғындары аузымыз суға енді жаритын болды деп жүргенде мердігер сан соқтырып кетті. Ауылға ауызсу құбырын тарту жұмыстары тағы он шақты жылға кешікті.
Қалдықыз Дүйсенбекова, Қаратоған ауылының тұрғыны:
- Бұрын деген осы ауылымызда су жоқ болатын. Биыл енді жаңадан су түсіп жатыр ауылға. Көше-көшеге тартып, болашақта үйімізде су болады деп ойлаймыз. Су тоқтаған күні енді анау жақта Байынқол өзені бар, сол жақтан тасимыз.
Бауыржан Себдайыров, Райымбек аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:
- Биылғы жылға бюджеттен ақша қарастырылып, жұмыстары басталды. Жұмыс енді қарқынды қазір жүруде. Басталғанына қазір бір ай уақыт болды. Алдағы енді желтоқсан айының 10-ында аяқталу мерзімі. Мердігер компанияларға енді біраз ескертпелер беріліп жатыр жұмыс барысы жайында. Қазір енді су тартылмаған, су жүйесі қосылмаған соңғы ауылымыз осы Қаратоған ауылы болып тұр.
Қаратоған ауылына ауызсу құбырын тартуға жергілікті бюджеттен 393 млн теңге бөлінді. Қазір соның жартысы игерілген. Мұнда әрқайсысына 300 текше метр су сыятын екі қойма қойылып, сорғы станциясына заманға сай үш су айдау қондырғысы орнатылады.
Жарылқасын Кесікбасов, учаске басшысы:
- Енді қазір мына наружные сети дейді, ауылдың ішінде 4 шақырымдай жерді өтіп қойдық. Содан кейін мына водозабор бар жерде 49 құдық қойылады. Содан кейін жаңағы 26 өрт гидранты қойылады. Мына ауылдың ішіндегі жалпы арақашықтық 5,5 км. Ол жерде жаңағы полиэтиленді құбыр қойылады. Құбырдың көлемі – 110*5,3.
Қаратоған ауылына су құбырын тарту жұмыстары желтоқсан айында аяқталады. Сол кезде Райымбек ауданындағы ауылдар түгелдей ауызсумен қамтамасыз етіледі. Алматы облысындағы елді мекендердің оралықтандырылған ауызсумен қамтылу көрсеткіші 99,8%-ке жетті. Дегенмен, өңірдегі жалпы ұзындығы 5128 шақырымдық су құбыры желісінің жартысы қайта жаңғыртуды қажет етеді.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов