Қарағанды облысының 92 ауылында дәрігерлік амбулатория салынады

Самарқанд ауылының тұрғындары дәрігерлік амбулаторияға зәру, деп хабарлайды 24kz.

Қарағанды облысындағы бұл елді мекенде енді жаңа ғимарат бой көтереді. Медпункт әзірге ескі үйлердің бірінде отыр.

Жалпы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ең көп медициналық нысанды осы Қарағанды облысы салып жатыр.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

- Самарқанд ауылында 1700-ден астам тұрғын бар. Елді мекендегі дәрігерлік амбулатория осыдан бірнеше жыл бұрын өртеніп кеткен болатын. Ал қазір мына ескі үйде уақытша қызмет көрсетіледі. Дегенмен де, кейбір дәрігерлік көмекті жасауға мүмкіншілік жоқ.

Жұмагүл Әлкейова 26 жыл бойы осы ауылда мейірбике болып жұмыс істейді. Дәрігер маманның жоқтығын білдірмей, ауыл тұрғындарына қолдан келгенше көмек көрсетіп жүр. Бірақ аядай үй таршылық етеді. Қажетті құрал-жабдықтар да тапшы.

Жұмагүл Әлкейова, мейірбике:

- Бұрынғы істеп жатқан орнымыздың төбесі жанып, уақытша осы амбулаторияда жұмыс істеп жатырмыз. Шамамыз келгенше істеп жатырмыз. Мұнда акушер кабинеті, ар жағы екпе егу кабинеті. Балаларға екпе егеміз.

Ауыл тұрғындары сырқаттанған жағдайда көбіне 100 шақырым жердегі аудан орталығына қатынайды. Сәби күтіп жүрген аналар мен қарттарға бұл қиындық тудырады. Жұртшылықтың қуанышына орай биыл жаңа емхана салына бастады. Қазір іргетасы құйылып, қабырғасы қаланған.

Мәрия Арынқызы, Самарқанд ауылының тұрғыны:

- Ескі емханамыз болды, сонда да емделдік қой, 60 жылдан асқан, тар еді. Осы емханамыз өзімізге қызмет етсе деп армандаймыз. Емнің барлық түрі болса дейміз. Жеке-жеке кабинеттер болса деп армандаймыз.

Жаңа дәрігерлік амбулаторияның құрылысы қазан айында аяқталуы тиіс. Бұл жерде ауыл тұрғындары күндізгі стационарға қаралып, физотерапия және басқа да ем түрлерін қабылдай алады.

Жасұлан Көшек, Самарқанд ауылдық округінің әкімі:

- Қазіргі таңда емхананың іргетасы қаланып, қабырғасы көтерілді. Қазір кәріз жүйесі ретке келтірілуде. Электр құрылғылары тартылды. Осы жұмыс аяқталғаннан кейін барлық жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Жаңа білікті мамандар келеді деген үміттеміз.

Жалпы облыс бойынша 92 ауылда медициналық нысан салынады. Бұл мақсатқа қазынадан 14 миллиард теңгеге жуық қаржы қарастырылған. Жаңа емдеу мекемелері ашылған соң жас мамандар жұмысқа қабылданады.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков