Елімізде дербес деректердің ұрлану фактілері 76%-ке артты
Елімізде жыл басынан бері дербес деректерге қол сұғу фактісі бойынша 65 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді, деп хабарлайды 24kz.
Дерек былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 76%-ке көп. Бұл ретте 61 адам 10,1 млн теңге көлемінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал дәл осы қаңтар-шілде айлары аралығында 49 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелді. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 20%-ке артық. Аталған қылмыс бойынша 11 адам жауапқа тартылды. Олардың дені жұмыссыздар.
2024 жыл қаңтар-шілде
Әкімшілік құқықбұзушылық – 65 адам
Жауапқа тартылды – 61 адам
Айыппұл салынды – ₸10,1 млн
Өндірілді – ₸8,1 млн
Қылмыстық құқық бұзушылық – 49
Жауапқа тартылды – 11 адам
Дербес деректерге қол сұғу көбінесе цифрлық кеңістікте кездеседі. Сондықтан жеке мәліметтерді қорғау үшін халықтың цифрлық сауаттылығы өте маңызды. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша елде ғаламтордағы білім деңгейі 86,3%-тен 88,3%--ке артқан. Өңірлер бойынша ең жоғары деңгей елордада байқалады. Көрсеткіш – 95,1%. Ал екінші орында 92,9%-пен Алматы қаласы тұр. Үшінші сатыда Түркістан облысы. Өңірдегі деңгей – 92,8%. Ең төмен көрсеткіш 78,7%-пен Солтүстік Қазақстан облысында байқалады. Одан кейінгі орында Батыс және Шығыс Қазақстан облыстары тұр.
Цифрлық сауаттылық деңгейі – 88,3%
Ең жоғары көрсеткіш:
Астана – 95,1%
Алматы – 92,9%,
Түркістан – 92,8%
Ең төменгі көрсеткіш:
Солтүстік Қазақстан – 78,7%
Батыс Қазақстан – 82,5%
Шығыс Қазақстан – 82,6%