Мемлекет басшысы шахтерлердің қауіпсіздігін сақтайтын тың шаралармен танысты
Мемлекет басшысы «Саран» шахтасында 620 метр тереңдікте жұмыс істеп жатқан кеншілермен бейнебайланыс арқылы сөйлесті, деп хабарлайды 24kz.
Жұмысшылар жаңа Alarm phone құрылғысымен жабдықталған. Мұндай мүмкіндік Қасым-Жомарт Тоқаевтың Qarmet диспетчерлік-талдау орталығына барған кезде туды. Мұнда ол шахтерлердің қауіпсіздігіне қатысты қабылданған тың шаралармен танысты. Диспетчерлер нақты уақыт режимінде барлық шахтадағы ахуалды бақылап, газ деңгейіне талдау жүргізе алады. Бұдан бөлек, кеншілердің жұмысын үйлестіріп, олармен бейнебайланыс орнатады. Сонымен қатар орталықта жүйедегі қауіпсіздік бақыланып, өндірістік көрсеткіштер мен процестердің орындалу барысына мониторинг жүргізіледі. 2025 жылдың соңына дейін барлық 8 шахтадағы кеншілердің жүрген жері мен денсаулық жағдайын нақты анықтайтын қондырғы жүйесі орнатылады. Қасым-Жомарт Тоқаев кеншілерге жанкешті жұмысы үшін алғыс айтып, шахтерлердің қызметінде еңбек қауіпсіздігін сақтау маңызды екеніне назар аударды.