Шахтинскіде жылу қазандықтары жөнделіп жатыр

Шахтинск қаласындағы жылу энергия орталығында 3 қазандық пен 2 турбогенератор жөнделіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Қыркүйек айының ортасында іске қосыла бастайды. «Жылу беру маусымына кестеден қалмай кірісеміз», – дейді мамандар. Өткен қыста орталықтың жұмысында олқылықтар болып, тұрғын үйлер жылуға жарымады. Сондықтан Мәжіліс депутаты мен «AMANAT» фракциясының мүшелері аймаққа арнайы барып, жөндеу жұмыстарын қадағалады. Жұмысшылармен де кездесіп, олардың сұрағына жауап берді.

Үнзила Шапақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Жұмыс жақсы қарқынды жүріп жатыр. Енді оның барлығының іске асырылуын жылу берілген кезде ғана көре аламыз. Жалпы мердігер мекемелерге қарыздары жоқ екен, бұл өте маңызды. Себебі бізде көп жағдайда мердігерлер жұмысын алып алады, одан кейін оның ақшасы уақытында төленбейді, олардан сұрасаң: «Ананы, мынаны ала алмадық, өйткені ақшамыз жетпеді», – дейді. Бұл мәселелер жоқ екен.