Өскеменде 2 автобус паркіне айыппұл салынды
Өскеменде қоғамдық көліктерді газоанализатормен тексеріп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Экологиялық департамент өкілдері полиция қызметкерлерімен бірігіп, автобус тұрақтарын аралай бастады. Әсіресе ескі автокөліктер жіті назарға алынды. Екі күннің ішінде қаладағы ең ірі 2 автопарк иесіне айыппұл салынды. ШҚО Экология департаментінің бас маманы Баян Байғонысованың сөзінше, көбіне 2000 жылы шығарылған көліктер экологиялық нормаларға сай келмейді. Бұл іс-шара әлі 2 апта жалғасады. Экологтар автобус паркінің басшыларына қолданыстағы көне көліктерді тездетіп жаңартуға кеңес берді.
Баян Байғонысова, ШҚО Экология департаментінің бас маманы:
- Тексеріс нәтижесінде нормативтік талаптардың бұзылғаны анықталды. Мәселен кеше 20 автобусты арнайы құралмен қарап шықтық. Көбінесе ескі қоғамдық көліктер экологиялық талаптарға сай емес. Қоршаған ортаға залалын тигізіп келеді. Анықталған жайттарға орай полиция қызметкерлері сол жерде хаттама толтырды.