Биыл Алматыда 10 жатақхана пайдалануға беріледі
Биыл Алматыда жатақханадағы орын тапшылығы 3 мыңға төмендеді, деп хабарлайды 24KZ.
Былтыр мегаполиске оқу іздеп келген 11 500-ден астам жасқа орын тимей қалған еді. Осы оқу жылында қалада 10 жатақхана пайдалануға беріледі. «Бірде-бір студент далада қалмайды. Қиын жағдайға тап болғандарға ситуациялық және дағдарыс орталықтары көмектеседі», – дейді министрлік өкілдері.
Бұл – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 9-шы жатақханасы. Ондағы жағдайды Мәжіліс депутаттарының өзі барып көрген. Кейіннен бейнетүсірілім әлеуметтік желіге жарияланып, көпке мәлім болды. Осыдан кейін іле-шала ғимаратта күрделі жөндеу жұмыстары басталып кеткен. Жатақхана 1969 жылы салынған. «Оны биыл жөндеуді жоспарлап отырған едік», – дейді университет басшылығы.
Сәбит Суатай, Әл-Фараби атындағы қазҰУ әлеуметтік даму жөніндегі проректоры:
- Студенттер қайтқаннан кейін күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізгенге дайын отрығанбыз. Қазіргі таңда ол жатақхана 70% дайын. Қазіргі таңда университетте 20 089 студент бар. 7-8 мың стундент қабылдаймыз деп отырмыз. Жалпы саны 28 мың студент болса, университет қазір 5 890 студентін орынмен қамтамасыз ете алады.
Оның сыртында 3,5 мың студентке орын жетпеуі мүмкін. Десе де оқу орны қол қусырып отырған жоқ. Жатақхана жетпегендерін хостелдерге орналастырады. Басқа университеттер де осылай амалдап отыр.
Ақерке Абылайхан, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі комитет төрағасының орынбасары:
- Әрине, Алматы қаласы бойынша тапшылық болғандықтан, жекеменшік қонақүйлермен, хостелдермен келісімшарттарға отырып жатқан университеттер болады. Ол жерде бірнеше университет бірлесіп, студент тұрғызады. Бірақ басқа жолдан келген басқа жолаушы бұл жекеменшік студенттер жатақханасы болсын, қонақүйлер болсын, ол жерде тұрмауы қажет.
Кәсіпкер Аян Көшербаев хостел ісімен 2017 жылдан бастап айналысады. Былтырдан бері орындарды түгелдей студенттерге беріп келеді. Мұны өте ыңғайлы санайды. Биыл ауқымын кеңейте түспек.
Аян Көшербаев, кәсіпкер:
- Мен қонақүй ісін жақсы білемін деп айта аламын. Студентермен жұмыс істеген ыңғайлы. Бір жыл тұрақты тұрады. Бір орын құны – айына 60 мың теңге. Мегаполис үшін бұл өте көп ақша емес. Былтыр 430 студент болған. Ғимарат 600 орынға лайықталған. Сондықтан келушілерді қуана қабылдаймыз.
Биыл Алматыда 10 жатақхана пайдалануға беріледі. Біреуі ғана жоғары оқу орнына тиесілі. Басқасы түгелдей инвесторлардың қолдауымен салынды. Ондағы орын саны 5 мыңнан асады. Осылайша, мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің арқасында биыл жатақханадағы орын тапшылығы 3 мыңға азайған.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Кенже Амраев.