Шымкентте 1558 кәсіпкердің құқығы қорғалды
Биыл Шымкентте 1600-ге жуық кәсіпкердің құқығы қорғалды, деп хабарлайды 24KZ.
Прокурорлар саудамен айналысатын бизнесмендердің есепшоты негізсіз бұғатталғанын анықтаған. Мемлекеттік кірістер департаментінің 5 қызметкері әкімшілік жауапкершілікке тартылып, әрқайсысына 184 мың теңгеден айыппұл салынды. Сонымен қатар әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қызметкерлерінің екіжақты келісім шартқа сүйеніп, негізсіз айыппұл салғаны әшкере болды. Қызметін асыра пайдаланған тұлғалардың кінәсі сотпен дәлелденді. Олардан мемлекет пайдасына 105 миллионға жуық теңге өндірілді. Қадағалаушы орган өкілдері инвесторлар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға бағытталған шаралардың күшейтілгенін хабарлады.
Бақтыбек Амалдықов, қалалық прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының аға прокуроры:
- Жүргізілген талдау нәтижесімен ағымдағы жылы 18 қадағалау актісі енгізілген. Оның қаралу нәтижесімен 1558 кәсіпкердің құқықтарын қорғау қамтамасыз етілді. 11 тұлға тәртіптік, 5 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.