Қызылордада 9,5 шақырымдық жылу желісі жаңартылады

Қызылорда облысында жылумен қамту нысандары қайта жаңартылып жатыр.

Бас-аяғы 12 миллиард теңге бөлінген. Республикалық және жергілікті қазынадан қаралған қаржының жартысынан көбі 9 шақырымнан астам құбырды ауыстыруға жұмсалады. Өңірде инфрақұрылымдық 6 жоба іске асырылып, мыңнан аса әлеуметтік нысанның жылу жүйесі жөндеуден өтті. Сондай-ақ орталықтандырылған желіге қосылмаған тұрғын үйлерді жылумен қамтитын 20 автономды модульді станцияның да кем-кетігін түзеу жұмыстары басталды. 

Медет Усаин облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы:

- Аталған жұмыстарды біз толығымен 20-қыркүйекте аяқтап, іске қосатын боламыз. Сонымен қатар облыстық бюджеттен «Қызылордажылуэлектрорталығына» 1,6 млрд тг қаралды. Аталған қаржыға негізгі 6 және 9-қазандыққа ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Сонымен қатар КОГТЭЦ 3-газтурбиналық қондырғысына және генераторына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізетін боламыз. Осы станцияның дайындығын 70 пайызға жеткізіп отырмыз.