Түркістанда қауіпсіздік шаралары түсіндірілді

Жыл басынан бері елде 100-ден астам бала терезеден құлап, зардап шекті.

Былтыр осындай 170 оқиға болған. Мамандар жазғы демалыс кезінде балалардың терезеден құлауы жиілеп, жазатайым оқиғалардың көбейетінін айтады. Осыған байланысты Түркістан облысында көпқабатты үй тұрғындарына түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Шараға ерікті жастар да атсалысты.

Бұл жолы тәртіп сақшылары түсіндіру жұмысын Отырар мөлтек ауданынан бастады. Көпқабатты үйдің тұрғындарына қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды ескертіп, үйді-үйді аралап, ата-аналармен кездесті.  

- Полиция департаментінен боламыз. Қазіргі таңда түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Көпқабатты үйлерде жасөспірімдердің терезеден құлау фактісі бойынша, рұқсат па кірсек? 

Біз кірген пәтерлердің барлығында темір тор болмады. Кейбірі терезе ашылмас үшін арнайы қорғау құралдары мен шіркей торын ғана орнатқан болса, көбінің терезесінде ештеңе жоқ. 

- Неге сіз решётка қоймағансыз тер торды? – Қаражат жинап жатырмыз, әзірге уақытша мынаны қойғанбыз. Жақында темір қор қою мақсатымызда бар. – Алдағы уақытта орнатыңыздар міндетті түрде. Терезенің алдына үстел, басқа нәрсе қоймаңыздар. Себебі балалар соған мініп, ары қарай құлап кетуі мүмкін. 

Бұл үйлерде тұратындардың көпшілігі баспананы тұрғын үй кезегімен алған отбасылар. Қауіпсіздік шараларын сақтай бермейтіні бірден байқалады. Полиция қызметкерлері ата-аналарға балалардың қауіпсіздігі бірінші орында тұруы керек екенін тағы да бір рет қаперге салды. 

– Мына нені істеп қойдым, алдағы уақытта решётка қоямыз. 

Облыстық полиция департаменті ұйымдастырған шараға ерікті жастар мен бірге Отырар мөлтек ауданы ақсақалдар алқасының мүшелері де атсалысты. 

Аулада кішкентай балаларға айтады. – Үстел қойып терезе шықпаңдар, құлап кетулерің мүмкін. 

Олар өз аумағындағы үйлердің тұрғындарын қауіпсіздік шараларына бей-жай қарамауға шақырды.  

Нәлтай Бегімов, Отырар мөлтек ауданы ақсақалдар алқасының төрағасы:

- Қазір жаз мезгілінде балалар қанша дегенмен балконға шығып, терезеге қарап тұрады. Ата-аналардың барлығына ескерту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. «Балаларыңызды қарап жүріңіздер. Терезенің алдында тұрмасын, балконға шыққанда да сақ болыңыздар» деп. Терезені ашып қарап отырады балалар. Балалар үйде жалғыз қалғанда решётка қойып қойса, жақсы болар еді. 

Ал 10 жасар Асылбек терезеге шығудың қауіпті екенін жақсы біледі. Себебі оған үйінде ата-анасы үнемі айтып отырады екен. 

Асылбек Аян, 10 жаста:

- Әке-шешеміз бізді қадағалап, «терезенің алдына шықпаңдар, құлап кетесіңдер» деп бізге айтады. Өйткені біз теледидардан да, полициядан да естіп жатырмыз, терезенің алдына шыққан кезде абайсызда құлап кетуі мүмкін. Оны мен мысал ретінде айтып, іні-қарындастарымды терезенің алдына шығармауға тырысамын. 

Тәртіп сақшылары өткен жылы өңірде қауіпсіздік шараларын сақтамаудың салдарынан терезеден 3 баланың құлап кеткенін айтады. Биыл түсіндіру жұмыстарын жүргізудің нәтижесінде оқыс жағдай тіркелмеді дейді. 

Бегімхан Ахметов, облыстық ПД жергілікті полиция басқармасы басшысының м.а.:

- Қайғылы жағдай болмас үшін полиция қызметкерлері халыққа барынша түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар қызметтік автокөліктің дауыс зорайтқышынан аудио хабарламаларды тұрғындарға естіртіп, профилактикалық шараны жүргізудеміз.

Жыл басынан бері еліміздегі 112 шұғыл әрекет ету қызметінің кезекші бөліміне 102 хабар түскен. Оқыс оқиға салдарынан 7 бала мерт болып, 95-і әртүрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылған. 

Жандос Жұмабек, тілші:

- Ойын баласының кез келген нәрсеге әуестеніп, қолды-аяққа тұрмай, мазасыз күйде болатыны түсінікті. Оның үстіне қазір күн ыстық. Балалардың көбі үйде отыр. Сондықтан бүлдіршіндердің өміріне қауіп төндірмес үшін тәртіп сақшылары әр ата-анаға балалардың қадамына абай болуды ескертеді. Жазатайым жағдайдың алдын алуға байланысты ақпараттар жазылған мынадай үнпарақтар таратып, ата-анаға ой салуда.

Жандос Жұмабек, Қуаныш Әбуов