Әнді ыммен айтатын сурдоаудармашы

Елордалық Айдана Жапарова хит әндерді ым тілінде орындайды.

Яғни құлағы естімейтін жандарға әннің әуезін түсіндіреді. Қазір көптің көңілінен шығып жүр.

Жалпы елде мүлде естімейтін немесе нашар еститін азаматтар саны 30 мыңнан асады екен. 

Музыкада шекара жоқ. Көңіл тебірентер әуенді тіпті ым тілінде шырқап, жүрекке жеткізуге болады. Елордалық Айдана Жапарова осыны дәлелдеп жүр. 

Жанға жылу сыйлайтын көрініс. Қанаттылар театрының әртістері кезекті қойылымға дайындалып жатыр. Ән салып, би билеуді әдемі үйлестірген. Болмысы бөлек жандарға махаббат жырын жеткізген де Айдана еді. 

Айдана Жапарова, сурдоаудармашы:

- Сөйлей алатындар үшін де бұл әлем өте қызық. Қазір ым тілін үйренуге талпынып жүргендер баршылық. Себебі есту қабілеті бұзылған адамдардың да біздің не тыңдап жүргенімізді түсінгісі келетінін жақсы біледі. Мысалы, менің ата-анам мүлде естімейді. Көп әнді солар үшін аудара бастадым. Сөзбе-сөз емес, әрине. Мағынасын жеткізуге тырысам.

Айдана ым тіліне аударылған әндерін әлеуметтік желіге жүктеп отырады. Тыңдармандары күннен күнге көбейіп жатыр. Қанаттылар театрының басшылығы да тыс қалмаған. Дарынды жас тасада қалмасын деп бірден жұмысқа шақырады. Қазір өнер ордасында сурдо аудармашы әрі актрисса қызметін қоса атқарады. 

Арнұр Ысқақов, қанаттылар инклюзивті театрының директоры:

- Біздің театрда оншақты нашар еститін балалар бар. Сол балалармен тығыз байланыста. Тек аударып қана емес, әрқайсысының жеке басының проблемасын болсын, отбасылық жағдайын да маған жеткізіп отырады. Өйткені бұл балалардың әлемі бөлек. Қабылдауы бөлек. 

Айданың өмірі де бір қойылымға татитындай. Осыдан 10 жыл бұрын жұлынында ісік пайда болды. Ауыр дерті жас қызды арбаға таңылуға мәжбүрлейді. Әйтеуір сәтті операция жасалып, ұзақ оңалтудан кейін аяғына тік тұрған. Қазір эстрада жұлдыздарымен бір сахнада өнер көрсетіп жүр. 

Айдана Жапарова, сурдоаудармашы:

- Мен жақында ғана танымал әншілердің бірімен сахнаға шығып, 5000 адамға ым тілінде ән орындадым. Байқасаңыздар, концерттер не басқа да іс-шаралар өтіп жатқанда сахнада жүргізушілер ғана тұрады. Мен олардың жанында сурда аудармашылардың да тұрғанын қалаймын. Құлағы естімейтін не нашар еститін адамдар да сондай шараларға барғысы келеді. Шетелде бұл дамыған үрдіс. Ерекше жандар да рухани демалыстан құр қалмау керек.

Қанаттылар театрының да мақсаты үндес. Қойылымдары арқылы қоғамның осы бір тобының қалауын, жан айқайын жеткізу. Инклюзия деген осы.

Мерей Мұратханқызы, Диас Қобланбаев