Нарынқол - Кеген республикалық автожолы жөнделіп жатыр

Алматы облысындағы «Нарынқол – Кеген» республикалық автожолында орташа жөндеу жұмыстары басталды.

Қос ауданның орталығын байланыстыратын 89 шақырымдық жолдың сын көтермейтін күйге түскеніне бірнеше жылдың жүзі болды. Жүргізушілер осыған  дейін наразылықта білдірген болатын. Ал биыл қажетті қаржы бөлініп, жолға асфальт төселе бастады.

«Нарынқол – Кеген» республикалық автожолына күрделі жөндеу жасалмағанына жарты ғасырдай уақыт өтті. Жергілікті тұрғындар 89 шақырымдық жол бөлігін жүріп өту үшін 2 сағаттай уақытын жоғалтатын. Өйткені ауыр жүк көліктері жолың астын үстіне шығарған. Ұңқыр-шұңқыры көп. Қазір ұзындығы 15 шақырымдық «Нарынқол – Текес» бағытында жаңа жол төселуде. 

Нұрғали Халиолла, учаске шебері:

- Асфальт салып жатырмыз. Астыңғы слой 6 сантиметр, жоғарғы слой 5 сантиметр. Қазіргі уақытта сондай жұмыстар жүргізіліп жатыр. Басталу мерзімі қараша айында берілген. Аяқталу мерзімі 2024, қыркүйек.

Ғани Мырзаханов "Қазавтожол" АҚ ҰК Алматы облыстық филиалының басшысы:

- Бұл жолдар кезінде 60-70 жылдары салынған жолдар. Сол кезден бері күрделі жөндеуден өтпеген. Ылғи орташа жөндеумен келе жатыр. Сол жолдарға биыл осы 300 шақырым жолдың 130 шақырымына орташа жөндеуге қаражат бөлінді. Қазіргі таңда осы конкурстар болып жатыр.

Текестен Кеген ауылына дейінгі жол бөлігін жөндеу жұмыстары алдағы жылы қайта қолға алынады. Сонымен қатар биыл «Ақсай – Шонжы – Қалжат», «Көкпек – Кеген – Түп» автожолдары да орташа жөндеуге кірді. Жаңадан төселіп жатқан тас жолдардың сапасын мемлекеттік мекемелермен қатар жергілікті тұрғындар да қадағалауда. «Өйткені бұл жол ең алдымен шекара бойындағы шалғай ауданның халқы үшін аса қажет», - дейді олар. 

Ерлік Мамаев, Нарынқол ауылының тұрғыны:

- Талай жыл болды, міне, осы шұңқыр жолмен қатынап жүргенімізге Алматыға. Сол енді міне бұйыртса жақсы, жаңа жолмен жүреміз. Бірақ енді сол таможня ашылады дейді. Сол таможняға дейін капитальный ремонтқа кіру керек еді. Бірақ средний ремонтпен жасалып жатыр. Асфальтының качествосы жақсы. Басы-қасында жүрміз. Көріп жатырмыз, жақсы істеп жатыр.

Ескермес Молдабергенов, Жамбыл ауылының тұрғыны:

- Осыны до конца әйбәттап жасап берсе бізге де, халыққа да жақсы болар еді. Ең керектісі осы жол болып тұр. Жол болған соң көліктің неше түрі; ауыр салмақтылары да, жеңіл салмақтылары да жүреді. Ең негізгі қарайтыны осы сапа. Сапаны жақсы қарайтын болса, ол бізге де дұрыс болады, халыққа да дұрыс болады.

Алматы облысының Райымбек, Кеген, Ұйғыр аудандары аумағын басып өтетін республикалық автожолдардың құрылысына биыл 34,5 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаржы алдағы екі жылда толық игерілуі тиіс.

Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов