Қызылорда облысы ауыз сумен толық қамтылады

Қызылорда облысында орталықтандырылған су жүйесіне қосылмаған 26 елді мекен бар.

Шалғай ауылдарда 7 жарым мыңдай халық қоныстанған. Қазіргі таңда Президент тапсырмасына сәйкес барлық ауылды ауызсумен қамтудың жол картасы әзірленді. Қазір Арал ауданының Ақбасты, Абай, Тоқабай және Қазалы ауданындағы Шилі, Шәкен, Сарыбұлақ ауылдарына су жеткізу жобасы салалық министрліктің қарауында жатыр. Ал құбыр тарту тиімсіз шағын елді мекендерге су тұщытатын қондырғы қойылады.   

Медет Усаин, облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

- 12 елді мекенді қазіргі жағдайда қалдырамыз. Ол қалай? Қазір ол кісілер су ішпей отырған жоқ, су ішіп отыр, өздерінің ұңғымалары бар әр үйде. Оларды СЭС зертханасымен ішуге жарамды деген хаттамасын алдық. Ал жарамсыз елді мекендерге су тұщытқыш блок-модульді қондырғысын қойып, суды тұщытып, халыққа береміз. Ал орталықтандырылған жүйеге қосуға 6 елді мекеннің жобасын дайындап, құрылыс комитетіне ұсындық. 2025 жылы құрылыс жұмыстарын аяқтап, халық игілігін көреді деп жоспарлап отырмыз.