Биыл Атырау облысына 171 этникалық қазақ көшіп келді
Биыл 1 тамызға дейін Атырау облысына шет елдерден 171 этникалық қазақ көшіп келді, деп хабарлайды 24kz.
Оның ішінде Ресейден, Өзбекстан мен Тәжікстаннан келген қандастырымыздың үлесі басым. Олар азаматтығын алып, облыс аудандарына орналастырылды. Сондай-ақ соңғы 10 жылда Қытайдан атажұртына келемін деушілер көбейе бастаған. 2019 жылы Атырау мұнай және газ университетіне 100 жас қандасымыз оқуға келіп, кейін Қазақстан азаматтығын алған болатын. Енді олардың ата-аналары мен туысқандары Атырауға ат басын бұра бастады. Оларға облыста 4 қоғамдық бірлестік қызмет көрсетеді.
«Бірлестік мамандары жастардың жаңа ортаға үйренуіне, оқуға түсу үшін құжаттарын дайындауға көмектеседі», - дейді бірлестік төрағасы Әлия Тазабекова.
Әлия Тазабекова, «Жібек жолы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
- Келген қандастарға Үкімет жанынан қандас мәртебесі тез берілуде. Жеңілдіктер беріледі. Біз жастарды тартудамыз. Қандастарға осылай қол ұшымызды беріп, өзіміз еріп жүреміз. Себебі, олардың бір қиыншылығы бар: біздегі кирилица дейміз ғой, соған жазу жағынан келгенде қиналады. Бірақ жастар тез қабылдап, үйреніп алады.