Әлемде атом энергетикасын қолдайтындар саны артты
Еуропа мен Америкадағы энергетикалық дағдарыс әлемде атом энергетикасын дамытуды қолдайтындардың көбеюіне әсер етті. Бұл туралы Radiant Energy Group компаниясының өкілі Ричард Оллингтон айтты, деп хабарлайды 24kz.
Оның сөзінше, Орталық Азиядағы атом энергетикасын қолдау деңгейі Франция, Ұлыбритания немесе АҚШ сияқты осы сала дамыған елдерге қарағанда едәуір жоғары. Компания 20 елдің тұрғындары арасында сауалнама жүргізген.
Атом энергиясын пайдалануды қолдайтындар оған қарсы азаматтарға қарағанда бір жарым есе көп. Radiant Energy Group энергетикалық компаниясының бастамасымен жүргізілген сауалнама бұған дәлел. Зерттеуге алынған 20 елдің 17-інің халқы атом энергетикасын қолдайды. Сауалнамаға қатысқандардың жартысына жуығы осындай энергия көзін құптайтынын айтқан. Энергетикалық консалтингтік компанияның басқарушы серіктесі Ричард Олдингтон Орталық Азиядағы атом энергетикасына қатысты өз ойымен бөлісті.
Ричард Олдингтон, Radiant Energy Group энергетикалық консалтингтік компаниясының басқарушы серіктесі:
- Орталық Азия елдеріндегі атом энергетикасын қолдау деңгейі Франция, Ұлыбритания немесе АҚШ сияқты атом энергетикасы дамыған елдерге қарағанда едәуір жоғары. Бұл Қазақстанға шешім қабылдауға сенімді негіз бола алады. Сондай-ақ жұртшылықтың атом энергетикасы туралы неге мұндай пікірге ие екенін түсіну маңызды. Көбірек қолдау алу үшін Үкіметтің атом энергетикасын қалай дамытып және құрылысы қалай болатынын талқылауы керек.
Зерттеуден мынадай қызықты деректерді байқадық. Ресей мен Қытайда ядролық энергетиканы әйелдер өте белсенді қолдайды. Осы салада жұмыс істегендіктен, олар бұл бағытқа ерекше қызығушылық танытады. Ал ядролық энергетика туралы халықты ақпараттандыру үшін бұл елдерде атом электр станцияларына экскурсиялар жүргізіледі.
Ричард Оллингтон, Radiant Energy Group энергетикалық консалтингтік компаниясының басқарушы серіктесі:
- Атом энергетикасын талқылауға ерлер де, әйелдер де қатысуы маңызды. Бұл жұртшылыққа екі жақтың да пікірін тыңдауға мүмкіндік береді. Қазақстанда да неғұрлым көп ақпарат болса, соғұрлым халық өз елінде атом энергетикасының даму мүмкіндігіне сенеді. Адамдар Ақтаудағы зерттеу реакторлары мен ескі атом электр станцияларын көргенде бұл саланың қайта жанданатынына қатысты ойы өзгереді деген пікірдемін.
«Қазақстанның ядролық қоғамы» төрағасының пікірі де халықаралық мамандардың ойымен тоғысады. Сарапшы халық атом электр станциясы туралы көбірек білуі керек деп есептейді. Атом энергиясы және оның денсаулыққа әсері туралы қате түсініктер адамдарда радиофобияны тудырады. Сондықтан нақты сараптамаларға сүйеніп талдау жасаған абзал.
Бауыржан Ибраев, ҚР Ядролық қоғамының атом ғылымы, энергетика және өнеркәсіп ардагерлері кеңесінің төрағасы:
- Қазақстанның энергия тұтыну көлемін алып қарасақ, бүгінде біз электр энергиясының 10%-ке жуығын импорттаймыз. Бұл өнеркісәпті дамытуда кедергі. Мысалы сіз зауыт салғыңыз келсе, оған қажетті жағдай жасау қиын болады. Сондықтан осындай қуат көзі керек. Экологиялық жағынан алсақ, күн энергетикасы атом энергетикасына қарағанда 5 есе, жел энергетикасы 3 есе нашар. Көмірден алынатын қуат атом генерациясына қарағанда экологиялық тұрғыдан 100 есе нашар. Өйткені атом генерациясында зиянды қалдықтар жоқтың қасы. Сондықтан қорқудың қажеті жоқ.
Қазақстан бұл бастамада жалғыз емес. Қазір Түркия, Египет, Бангладеш және Өзбекстан атом энергетикасында алғашқы қадамдарын жасап жатыр. Бұл мәселелерде Халықаралық атом энергиясы агенттігі барлық мемлекеттерге көмектеседі. Ал Дүниежүзілік ядролық операторлар қауымдастығы әлемдегі бүкіл ядролық қондырғылардың қауіпсіздігін бақылайды. Өмір сүру үшін бірінші кезекте қуат керек. «Ал атом энергетикасы – болашақта елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін шешімдердің бірі», - деді отандық мамандар.
Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Әйгерім Бегенова