Сарапшы: АЭС «Пост-фукусималық» талап бойынша салынады
«Орталық Азия елдерінде электр энергиясының тапшылығы артып барады. Әсіресе, қыста гидростанциялар тоқтағанда тіптен қиын». Белгілі өзбекстандық саясаттанушы, «Ma'no» зерттеу бастамалары орталығының директоры Бахтиёр Эргашев осылай дейді.
Бұл мәселені бауырлас елдер бірлесіп шешуге тиіс. Оның алғышарттары да жасалды. Алғашқысы – бірлескен су электр станцияларын салу. Тағы бір маңызды қадам – атом энергетикасын дамыту. Көрші ел мамандарының осы бағыттағы пікірін Ташкенттегі тілшіміз Рауан Мыңбаев саралап көрді.
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Осы күні әлемде атом электр станциясын салып жатқан мемлекеттердің көбі жер сілкінісі, цунами және өзге де табиғи апаттар аймағында орналасқан. Олар ірі су айдындары ғана емес, құрлық үстінде де ауқымды құрылыс жұмыстарын қолға алған. Түркиядағы «Аккую» станциясы осы сөзімізге дәлел. Былтыр ақпан айында елдің оңтүстік-шығыс аймағында жойқын жер сілкінісі болып, қалалар мен үйлер қирады. Ал зілзала ошағына жақын маңайдағы жаңа станцияға бұдан еш залал келмеген.
Бахтиёр Эргашев «Ma'no» зерттеу бастамалары орталығының директоры:
- Менің ойымша, мұның барлығы радиофобия. Оның ішінде жасанды әрекеттер де бар. Тиісінше, АЭС туралы хабары жоқ тұрғындар соған сене бастайды. Біз барынша атом электр станцияларының қауіпсіздігіне қатысты қатаң талаптар қойылатынын түсіндіруіміз қажет.
Бахтиёр Эргашев атап өткендей, атом электр станциясына үрейлене қарайтындар жасанды радиофобияға сенетіндер. Анығында, халық АЭС-тің қазір қатаң «пост-фукусималық» талаптар бойынша салынатынын ескере бермейді. Орталық Азия сынды энергетикалық жетіспеушілікке тап болған аймақ үшін бұл ең ұтымды шешім. Атом энергетикасы аймақ елдерін ұзақ жылдар бойы тұрақты қуат көзімен қамтуға мүмкіндік береді. Әрі экономика салаларында жаңа өндіріс орындарының ашылуына сеп болады.
Бахтиёр Эргашев «Ma'no» зерттеу бастамалары орталығының директоры:
- Қазіргі таңда газды жылу электр станцияларында жағып, одан энергия алу мәселесі күрделеніп барады. Өйткені аталған энергоресурстың басым бөлігі халық пен бизнестің қажеттілігіне бағытталып жатыр. Сондай-ақ әлем елдері «жасыл энергетикаға» бет бұрып жатқанда көмірді қолдану экологиялық ахуалды одан сайын ушықтыра түсетіні сөзсіз. Әрине, оған әзірге ешкім шектеу қойған жоқ, дегенмен, болашақта қатты отыннан электр энергиясын өндіруге көбі екпін бермейді.
Энергетика саласы бойынша сарапшының бұл пікірін Равшан Назаров та құптайды. Саясаттанушы үздіксіз энергия өндіруге қауқарлы атом электр станциясына балама жоқ деп санайды. Ал Қазақстан, Өзбекстан және Түрікменстан секілді елдерде судан электр энергиясын өндіру мәселесі күрделі. Жел-күн электр станциялары болса, қажеттілікті толық өтей алмайды.
Равшан Назаров, ӨР Ғылым академиясы мемлекет және құқық институтының аға ғылыми қызметкері:
- Менің ойымша, Қазақстан Үкіметі өте орынды шешім қабылдады. Яғни, көршіміз жалпыхалықтық референдум өткізеді. Егер нәтижесі бойынша бұл шешім қолдау тапса, онда Қазақстан Өзбекстанның ізімен АЭС салуға кіріседі деп ойлаймын. Тапшылық арта берсе, Қазақстан көршілес мемлекеттерден, оның ішінде Өзбекстаннан электр энергиясын сатып алуы да мүмкін. Осы орайда, мен бауырлас қазақ халқы даналық танытып, ұлт үшін ұтымды шешім қабылдайды деп сенемін.
Еске салайық, Өзбекстанда аз қуатты атом электр станциясын салу жөнінде шешім қабылданды. Құрылысы күзде басталуы мүмкін.
Авторы: Рауан Мыңбаев