Шымкентте автокөлік жүргізушілеріне сапалы қызмет көрсетілмейді

Шымкентте көлік жүргізушілеріне мемлекеттік қызмет көрсететін орталықта бірыңғай база жиі істен шығады, деп хабарлайды 24kz.

Жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыруға келгендер сағаттап кезек күтуге мәжбүр. Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына барған Мәжіліс депутаты Болатбек Нәжметдинұлы қызмет сапасының төмен екенін айтты. Депутат теориялық емтиханнан бөлек, тәжірибелік сынақ өткізетін алаң да стандартқа сай келмейді деп есептейді.

Айта кетейік, мекеме мамандары күніне 300-дей адамға мемлекеттік қызмет көрсетеді. Биыл 12 мың адам жүргізуші куәлігін алған. Аймақта жұмыс сапарымен жүрген депутат бұл проблеманың назардан тыс қалмайтынын айтты.

Болатбек Нәжметдинұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Менің ойымша, бұл сәйкес келмейді. Мына жерде тұрған Камаз-дың өзі сыймай тұр. Камаз-дың өзінің жағдайы, ақауы техникалық деңгейге сәйкес келмейді. Оның бүгінгі таңда мен келіп, өз көзіммен визуалды көргеннің өзінде кемшіліктерін анықтап отырмын. Бұл мәселені екі министрге де жеткіземін. Жаңағы кемшіліктерді жасырып отыр деп мәселені көтеремін.

Аманжол Мәди, «Азаматтарға арналған үкімет» МК Шымкент бойынша филиалы директорының орынбасары:

- Келісемін, келіспеймін деп айтпаймын. Өйткені ол кісіні халық сайлағаннан кейін ол кісінің сындары орынды. Бізде қазіргі таңда автодромымыз стандартқа сай. Жұмыс істеп тұр. Енді комиссия қабылдайтын не бойынша оны ІІМ қызметкерлері, комиссия төрағасы солар балл береді. Ол жерде біз балл бермейміз.